Тағы бір қоғамдық қабылдау бөлімі ашылды

«Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанындағы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Қарағанды филиалы корпорацияға қарасты кеніштер мен кәсіпорындарда өзінің қоғамдық қабылдау бөлімдерін ашуды жалғастыруда.

Өткен аптада осындай бір бөлім Жезқазғаншахтапроходкалау басқармасында ашылды. Оның ашылу салтанатына қалалық мәслихаттың депутаттары Сұлтанбек Мырзақоңыров пен Иманбай Бралин, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Нұр Отан» ХДП Қарағанды филиалының Сәтбаев аймақтық өкілі Гүлнар Көшекова, осы өкілдіктің заңгері Зәуре Барекенова және Жезқазғаншахтапроходкалау басқармасы партия ұйымының жетекшісі Әлия Сәкенова қатысты.

Салтанатты Жезқазғаншахтапроходкалау басқармасы партия ұйымының жетекшісі Әлия Сәкенова сөз сөйлеп ашты.

– 1103 мүшесі бар Жезқазғаншахтапроходкалау басқармасы жанынан партияның қоғамдық қабылдау бөлімін ашу – игі шаралардың бірі. Жұмыс бабындағы азаматтардың өздерін толғандырған мәселелер бойынша депутаттардың қабылдауында болуларына, «Нұр Отан» партиясының төраға орынбасарының қабылдауында болуына уақыты жете бермесі анық. Ал, қоғамдық қабылдау бөлімдері оларға осы жағынан мүмкіндік тудыратын болады, – деді партия ұйымының жетекшісі.

Бұдан соң қалалық мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшелері Иманбай Бралин мен Сұлтанбек Мырзақоңыров қоғамдық қабылдау бөлімінің лентасын қиды.

Осынау қысқаша ресми ашылудан соң қоғамдық қабылдау бөлімі өзінің алғашқы келушілерін қабылдады. Бұл күні бөлімге жеті адам келіп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

Мәселен, Мұратбек Тоқтағұлов Жезқазған поселкесімен оған қоңсылас жатқан Весовая, Крестовский елді мекендерін көшіруге қатысты сауал қойды. Оған депутат Сұлтанбек Мырзақоңыров жауап берді.

Оның айтуынша аталмыш елді мекендерді көшіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Ең әуелі Жезқазған поселкесінің апатты аймаққа тақау орналасқан көшелері мен геологиялық барлау партиясының үйлері көшіріледі. Одан кейін әлеуметтік маңызы бар нысандар қоныс аударылады. Ал, Весовая, Крестовский елді мекендері тұрғындарының әзірге алаңдауларына негіз жоқ. Сондықтан олар бақшаларын егіп, шаруаларын күйттеп отыруларына болады дейді депутат.

Қоғамдық қабылдауға келген Тимур Барболдиев өзінің жұмыс барысы жайлы сауал қойса, Зейнеп Сердалинова биылғы қыста үйінде жылудың дұрыс болмағанын алға тартты. Қоғамдық қабылдауға келген өзге де азаматтардың сауалдары осы негіздес болды. Олардың бәрі өздері көтерген мәселелерге орай тиісті жауаптарын алды.

Салтанаттан соң біз «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Нұр Отан» ХДП Қарағанды филиалының Сәтбаев аймақтық өкілдігінің заңгері Зәуре Барекенованы әңгімеге тарттық.

– Жалпы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Нұр Отан» ХДП Қарағанды филиалы корпорацияға қарасты кеніштер мен кәсіпорындардың бәрінен осындай қоғамдық қабылдау бөлімдерін ашуды көздеп отыр. Ондағы мақсат жұмысшы қызметкерлердің өздерін толғандырған жайттарға қатысты мәселелерді шешулеріне жағдай жасау. Оған біріншіден, партия жанындағы қабылдау бөліміне жылына екі мыңнан астам адамдардың әртүрлі сұрақтармен келіп жатқандығы себеп болуда.

Екіншіден, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттары да елдің қолына түсе бермейді. Ал, біздің қоғамдық қабылдау бөліміне келген азаматтар қай депутатпен жолығып, мәселе қоямын десе, біз сол депутатпен жүздесулеріне мүмкіндік тудырамыз, – дейді заңгер.

Сайып келгенде, қоғамдық қабылдау бөлімдері халық үшін қажет нәрсе.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.