Белсенді жастармен кездесті

Өткен аптада Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов әкімдіктің үлкен залында қаланың белсенді жастарымен кездесу өткізді. Оған жастар мәслихатының депутаттары, колледж студенттері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері, әр түрлі саладағы жас мамандар қатысты.

Жиналғандар алдында жастар бастамашылдығы орталығының директоры Жанар Алгаринова жастар саясаты бағытында қаламызда соңғы уақытта атқарылған жұмыстар туралы баяндамасын оқыды. Одан әрі қала басшысы кездесудің басты мақсатына тоқталды.

– Қазіргі қоғамда экономикалық және әлеуметтік саланы дамытуда жастар маңызды рөл атқарады. Сондықтан, Қазақстанда жастар саясатына байланысты көптеген бағдарламалар іске асырылып, солардың арқасында еліміз биік белестерге көтеріліп, жастарымыз сапалы білім алу үстінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің қолдарыңызда, яғни болашақ – жастардың жауапкершілігінде» деп, жастарға үлкен сенім артады. Сондықтан жастар қауымы елінің нағыз патриоттары, білімді, жаңа заманның технологияларын меңгерген, бәсекеге төтеп беруге дайын болуы керек. Осы орайда, сәтбаевтық жалынды жастар өздерінің жаңа идеяларымен, көзқарастарымен сүйікті қаламыз Сәтбаевты дамытуға, көркейтуге бар күш-жігерлерін салатынына сенеміз. Бүгінгі басқосуымыздың да мақсаты қала жастарының белсенділігін арттыру, азаматтық және рухани дамуына жағдай жасау, сонымен қатар, сіздердің ұсыныстарыңызды, талап-тілектеріңізді тыңдап, одан қорытынды шығару болып табылады. Мұндай кездесулер жастар мәселелерін шешуге, жасалған жұмысты саралап, алдағы мақсат-міндетті белгілеуге септігін тигізуі тиіс, – деді қала әкімі Асқар Ыдырысов.

Қаламыздағы жастар саясаты мәселелері бойынша пікір алысу жағдайында өткен жүздесуде бірқатар жастар өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында Асқар Абылайұлы жастарға артылар жүктің жауапкершілігі зор екендігін сөз етіп, жастарды Отанымыздың гүлденуіне, қаламыздың жарқын болашағы үшін қызмет етуге шақырды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.