Әкімге айтарыңыз болса

Биыл 5 наурыз күні «Мүмкіндігі шектеулі балалар орталығына» 10 жыл толды. Бұл мереке 8 наурыз мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен осы орталықта «Аналарға арнаймын жыр-әнімді» атты шығармашылық кеш өтті.

Мүгедек балалар өзінің мүмкіндігінше ән-жыр айтып, би биледі. Олар аяқтары ауырса да билеп, сөйлеуге шамалары келмесе де ән-жыр айтты. Аймақтық байқаулардың жүлдегерлерін де марапаттады. Бірақ, кешке шақырылған қонақтар келмеді. Олардың қатарында қалалық әкімдіктің өкілдері, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары және басқа да құрметті қонақтар болды. Аталған мекемелердің бір де бір өкілі мүгедек балалардың мерекелік кешіне келмеді. Неге?

Менің ата-ана ретінде баламның өнерін тамашалауға келмегендеріне жаным ашиды.

Бұл хатты жазар ма едім, жазбас па едім, бірақ, жаныма батқаны – сол күні Кеншілер сарайында «Көктем аруы – 2013», №27 орта мектепте зейнеткер аналарға мерекелік іс-шара өтті. Ол мерекелерге барлығы келді. Қоғамнан мүгедектерді бөлмейміз дегендері осы ма?

Осыған жауапты өкілдердің жауап беруін сұраймыз.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары атынан Алия Маханбетәлиева.

 

«Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде қызмет көрсету бөлімшесі» 2013 жылдың 5 қаңтарында «Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-сі бастығы бекіткен, 2013 жылға арналған жұмыс жоспарымен жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың ата-аналарына арналған мәдени-сауықтыру шаралары мерекелік даталарда бөлімшеде үнемі өткізіліп тұрады.

Биыл 5 наурызда «Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде қызмет көрсету бөлімшесінде» бекітілген жоспарға сәйкес, «Аналарға арнаймын жыр-әнімді» атты шығармашылық кеш 8 наурыз аналар мерекесіне және мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде қызмет көрсету бөлімшесінің ашылуына 10 жыл толуына арналып, бөлімше деңгейінде өтті, оған қала әкімдігінің өкілдері шақырылған жоқ.

Қала деңгейінде өтетін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік іс-шараларға (мерекелік концерттер, конкурстар, «Город тюльпанов» атты фестивальдер және т.б.) үнемі әкімдіктің және қала мекемелерінің өкілдері қатысады.

Негізінде, мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде қызмет көрсету бөлімшесінің ашылғанына 10 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара биылғы жылдың қазан айында қала ауқымында өткізілуі жоспарланып отыр, оған міндетті түрде қаланың қоғамдық өкілдері, атқарушы органдардың өкілдері қатысып және осы іс-шарада мүмкіндігі шектеулі балалардың 10 жыл ішінде қол жеткізген табыстары, жетістіктері аталып, оларға қолдау, марапаттар көрсетілетін болады.

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева.

Комментарии закрыты.