Тұрғындар мәселесін тыңдады

Қала әкімі Асқар Ыдырысов қаланың шығыс бөлігінде орналасқан Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғындарымен арнайы барып кездесіп, мазалап жүрген сұрақтарын тыңдады.

Бұл көшенің тұрғындары бірнеше жылдан бері ауызсуды құбыр арқылы тарту мәселесін шеше алмай келеді. Бұл түйткілді мәселені тұрғындар бірнеше мәрте құзырлы орындарға жеткізгендерімен еш нәтиже болмаған. Енді жаңа басшы бұл мәселені түбегейлі шешуге болатындығын айтып, ауызсудың арнайы құбыр арқылы жүргізілетінін түсіндірді. Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының мамандарына мамыр айынан кешіктірмей бұл көшеге ауызсудың тартылуын тапсырды. Батыр қыз Әлияның есімін иемденген көшеде кәріздік құбыр толығымен тартылып болған. Келер жылы жол да төселмек.

Көше тұрғындары қала әкімі А.Ыдырысовқа мұң-мұқтаждарын арнайы келіп тыңдап, мәселенің оң шешімін табуға септескені үшін алғыстарын айтып, қызметіне табыс тіледі.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.