Нысандармен танысу жалғасуда

Өткен аптада қала басшысы Асқар Ыдырысов бірқатар білім беру мекемелерінде болды. Әкім бастаған топтың нысандармен танысуы С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясынан басталды. Мектеп басшысы Г.Сүйінжанова білім ошағының жетістіктерін баяндап, оқу кабинеттерін көрсетті.

Мұнда білім беру жүйесі тереңдетілген. Оқушылар арнайы бағыттар бойынша білім алады. Тіпті сабаққа науқастанып келе алмай қалған немесе үйде оқитын оқушыларға интернет арқылы сабақ жүргізу де бұл білім ошағында алғаш болып қолға алынған.

2009 жылы «Жол картасы-2020» бағдарламасының аясында күрделі жөндеуден өткен Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп басшысы Б.Жандарбекова қала әкіміне білім ошағының тыныс-тіршілігін баяндады.

Білікті басшы М.Темірбекова басқаратын №25 орта мектепте болған қала басшысы бұл білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі керектігін айтты. Ағымдағы жылы бұл мектеп жаңа келбетке ие болмақ.

Қазіргі таңда шаһарда мектепке дейінгі білім беретін балабақшалардың жұмысы жүйелі жүруде. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында Асқар Абылайұлы 1958 жылы бой көтерген №10 «Қызыл телпек» және 2010 жылы заманауи үлгіде салынған №5 «Нұрбөбек» балабақшаларында болды. Жарты ғасырдан аса бүлдіршіндердің есейіп, ер жетуіне мүмкіндік берген «Қызыл телпек» балабақшасында бүгінде 4 топта 97 бала тәрбиеленуде. Ж.Қожабаева басшылық жасайтын балабақшада бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалып, күрделі жөндеуден өткен. Ал, Ж.Жаппасова басшылық етіп келе жатқан «Нұрбөбек» балабақшасында 320 бала таңсәріден кешке дейін тәрбиешілердің қамқорлығында болады. Ұлттық тәрбие мен заманауи технологияларды меңгертуді қолға алған балабақша «Балаға мейірімді балабақша» жобасымен жұмыс жасайды.

А.Ыдырысовтың жас буынды тәрбиелеудегі балабақша ұжымдарының жұмысына көңілі толды.

Қала басшысы, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталығы мен қалалық ішкі істер бөлімінде болды. Учаскелік тірек пункттерінің жұмысымен ішкі істер бастығы Ж.Қарабеков таныстырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.