Қаныштың қолын алған

Күні кеше сексеннің жетеуіне жеткен, кеудесі қазынаға толы шежіре қарттарымыздың бірі Шер-ағаң – Шермұханбет Байбосынов өзінің өнегелі өмір жолдары жайлы әңгімелеп отырып қызықты бір жайттың ұшын шығарды. Тың дүние қайдан шығады деп құлағымызды түріп отыратын біз үшін бұл жерден жеті қоян тапқаннан кем түскен жоқ. Ал, ол қандай құнды әңгіме дейсіздер ғой. Шер-ағаң бала кезінде қазақтың біртуар дара тұлғасы, ұлы ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты көрген болып шықты.

– Ол кезде бізге адамның бәрі бірдей болатын. Оның ірісі, ұсағы болады деп ойламайтынбыз. Қаныштай азаматтың тұтас еліміз үшін дара тұлға екенін кейін білдік қой. Ал, ол кезде Қаныш біз үшін көп қазақтың бірі болып көрінетін. Оның үстіне Қанекең көптің бірі болып еңбек етті, көптің бірі болып елмен аралас-құралас жүрді.

Бала кезімізде біз үшін Рудниктен үлкен қала жоқ сияқты көрінетін. Ондағы адамдардай еңбекқор, батыр адамдар біз үшін жоқ сияқты. Сол кездегі №26-шахтаның түбінде Қаныш Сәтбаевтың үйі бар еді. №№26, 1, 8 деген шахталар ағылшындардан қалған шахталар болатын. Сол кеніштің маңында ұлы кісінің үйі болып еді…

Асылында Қанекең көпшіл, қонақжай кісі болған деседі. Ол геологиялық барлау жұмыстары кезінде поселке маңындағы ауылдармен, ондағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатып, үнемі аралас-құралас жүрген. Тек жұмыс барысында ғана емес, арнайы барып, әңгіме-дүкен құрып отырған. Қонаққа да барып, өзі де қонаққа шақырып дегендей араласып тұрған ғой. Кейін білгеніміздей, атақты Сармолдамен, яғни, Балмағамбет Балқыбайұлымен өте сыйлас болғандығы жөнінде айтылып та жүр. Ал, Сармолда сол кездері шахталарға су таситын еді.

Міне, сол дара тұлғаны бала кезімде өзім де көріп, қолын алып амандасқанымды бүгінде мақтана отырып еске аламын. Ол оқиға былай болып еді. Сол жылдары Баймағанбет деген ағамыз қолхоз басқарды. Бірде Қаныш ағаға сол Баймағанбет ағайдың хатын апарып бергенім бар. Ол кезде хат-хабардың бәрі арап қарпімен жазылады. Қаныш аға хатты оқыды да, майдалап тұрып жыртып-жыртып тастағаны есімде. Мен сол сәтте ұлы қазақтың қолын алып, алдында тұрғанымды да білгенім жоқ, әрине.

Ағайға келіп, «хатты бердім, ол кісі майдалап жыртып тастады» деп едім, «дұрыс қой» деді жаймен ғана күбірлеп. Не жазылғанын қайдан білейін? Ал, мұның бәрі кеңестік құйтырқы саясаттың салдары екенін кейін біліп жатырмыз ғой, – деп аяқтады әңгімесін Шер-ағаң.

Жазып алған Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.