Шаһардың туған күніне – ән шашу

Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi, «Жігер» республикалық фестивалінің, Ә.Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың жеңімпазы, «Алтын қобыз» игері, қазақ ән өнерінің қыраны Жүсіпбек Елебековтың шәкірті Ғалым Мұхамедин өткен сәрсенбі күні сүйікті қаламыз – Сәтбаевтың 40 жылдығына арнап Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өзінің жеке ән кешін өткізді.

«Мамырлап қоңыр қаздай баяулаттым…» атты ән кешінің шымылдығын әнші халық әндерімен ашып, Сәкен Сейфуллиннің, Жүсіпбек Елебековтің, Тайжан Қалмағамбетовтың, үкілі Ыбырайдың әндерімен жалғастырды.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген ғой қазақ. Ғ.Мұхамедин осы орайда қазақ ән өнерінің, оның ішінде дәстүрлі әндерді жас буынға үйретуде зор еңбек сіңіруде. Әншінің бұл кешінде аймағымызға танымал шәкірттері мен өнер айдынына қанат қаққан жастар өнер көрсетті.

Кеш барысында Ғ.Мұхамедин кеншілер қаласының торқалы тойына жергілікті ақындардың сөзіне жазылған әндерді де көпшілікке тарту етті.

Қаланың Құрметті азаматтары Мұса Тілеуов пен Алаш Тұрлыбек әншінің дәстүрлі әндерді дәріптеудегі еңбегіне зор ықыластарын білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.