Сынып жетекшілері семинары

Діни экстремизм – бүгінгі таңда ең өткір тұрған мәселенің бірі. Қоғамдағы қауіпті құбылыстың алдын алуда өскелең ұрпақ арасында насихаттық жұмыстар жүргізіп, тәрбиелеудің маңызы зор. Сәтбаев қаласы Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің қабырғасында «Діни экстремизмнің алдын алу мәселесі бойынша оқушыларды тәрбиелеудің тиімді жолдары» деген тақырыпта сынып жетекшілеріне арналған қалалық семинар өтті.

Қала мектептерінің сынып жетекшілеріне арналған семинар барысында №4 мектептің ұстаздары діни экстремизмнің алдын алудағы оқушылармен тиімді жұмыс істеудің жолдарын көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті. Түрлі дебаттар, пікір-сайыс, ток-шоу түрінде өткен ашық сабақтарда оқушылар діни секталардың алдын алудағы өз ойларын ашық білдіріп, бұл бағытта жұмыс жүргізудің нақты механизмдерін де жеткізді.

Семинарға оқушылардың ата-аналары да белсенді қатысып, аталмыш мәселе төңірегінде өз ойларын ортаға салып, діни сауаттылықты арттырудағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Діни экстремизмнің қоғамға, заңға қарама-қарсы іс-әрекеттері де семинар аясында жан-жақты талқыланып, саяси мақсатты көздеген діни ағымдарға тойтарыс берудің амалдарын да қарастырды.

Сәтбаев қаласы Б.Балқыбайұлы атындағы мешіттің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.