«Мұрағат – тарих айнасы»

1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрағат комитетінің ұйымдастыруымен осындай тақырыпта Астанада жас мұрағатшылар байқауы өтті.

Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының «Елорда тарландары», Қарағанды облысының мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатының «Жастар — NTD», Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының «Қызылжар», Ақмола облысы мемлекеттік мұрағатының «Оқжетпес», Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының «Сарыарқа», Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Ұлытау ауданының мұрағаттары бірлескен «Абыздар мекені» топтары байқауға қатысты. Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатының атынан жас мұрағатшы М.Маженова қатысып қайтты. Байқау үш кезеңнен тұрды. Біздің топ танысуды слайдтан бастап жинау, сақтау және оны үздіксіз байыту мәселелерімен байланыстыра отырып, ары қарай Қарсақбайға ағылшындардың келуі туралы кішігірім қойылым көрсетумен жалғастырды. Тәжірбие мен теория сұрақтарына да мүдірмей жауап берді. Кәсіби конкурстың қорытындылары бойынша І орынды Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының «Сарыарқа» тобы, ІІ орынды – Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар» тобы, ал ІІІ орынды бірлескен Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау мемлекеттік мұрағаттарынан «Абыздар мекені» тобы иеленді.

Байқауға қатысушылардың барлығы Ақпарат және мұрағат комитетінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты.

Комментарии закрыты.