Жас қалам, жан қалам – Сәтбаев

Академик Қаныш Сәтбаевтың туған күні қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Сәтбаев – жан қалам!» атты өнер фестивалі өтті.

Сәтбаев қаласы туралы әндерді насихаттау және талантты жастарды анықтау мақсатында өткен байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

Аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының іргесін қалаушы, әрі оның тұңғыш президенті болған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына биыл 114 жыл толып отыр. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Елдің игілігіне арналған бұл кен орындары бүгінде әлемге танымал. Осындай дара тұлғаның есімімен аталған қаламыз да биыл 40 жасқа толады. Осыған орай өткізілген аталмыш іс-шараға Сәтбаев пен Жезқазған қалаларынан сайыскерлер қатысты.

Фестивальдің шымылдығын Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері, қаланың Құрметті азаматы Айнагүл Күлшекенова «Сәтбаев вальсі» атты әнімен ашты. Одан әрі балалар өнер мектебінің директоры Роман Бурда «Город алых тюльпанов», мәдениет саласына зор үлес қосқан, еңбек ардагері, әнші Зоя Иманбаева «Сәтбаев достықтың қаласы» атты әндерді орындады. Жезқазған қаласынан келген жас әншілер Әділ Ажмағанбетов пен Ерлан Жантөре «Менің Отаным, қазақ елі» тақырыбындағы әндерді айтса, сәтбаевтық өнерпаздар туған жер, сүйікті қаласы жайындағы әндерді орындады.

Фестиваль соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахманова құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға Алғыс хат пен естелікке сыйлықтар тапсырды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.