Әкім кубогі «Күлкі терапиясында»

Қаламыздың қырық жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты іс-шаралар басталып та кетті. Мерейтойдың кең ауқымда өтуіне әртүрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Соның бірі 5 жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын Сәтбаев қаласы әкімінің кубогі үшін республикалық қазақша КТК ойындары. Өткен сенбіде Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында қала әкімшілігінің қолдауымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалар қала әкімінің кубогын сарапқа салды.

Еліміздің үздік КТК ойыншыларының ойынын тамашалауға қала әкімі А.Ыдырысов, «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Балмағамбетов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қала әкімінің орынбасарлары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, жастар қауымы қатысты.

Көңілді тапқырлардың ойынын Қазақстан КТК одағының вице-президенті Жомарт Әбіш жүргізді.

Ойынның ашылуымен қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтап, жастарға сәттілік тіледі.

Қалжыңнан қуырдақ қуырған «Сәтбаев жастар құрамасы», Қостанайдан келген «Бағала», өскемендік «Не дейсің?», балқаштық «Балқаш балғындары», «Астана жастар құрамасы», «Жезқазған құрамасы», Екібастұздың «Біз қазақпыз», Қарағандының «Болашақ VIP» және де «Теміртау құрамасы» мен Қарағандының «Күлкі терапиясы» командалары ойынның сәнін келтірді. Әр команда саяси қалжыңдар мен достық, махаббат, қоғамдағы ащы шындықты бейнелейтін жағдайларды әзілдері арқылы жеткізе білді.

Командалардың өнерін арнайы құрылған қазылар бағалап, ойынның тартысты өтуіне төрелік етті.

Әкім кубогын сарапқа салған қазақша КТК ойындарында өнегелі өнер көрсеткендері үшін – « Бағала», «Не дейсің?», «Біз қазақпыз», «Болашақ VIP» командалары, «Астана жастар құрамасы» арнайы дипломмен марапатталды. Жүлделі ІІІ орынды «Балқаш балғындары» командасы иеленсе, «Теміртау жастар құрамасы» ІІ орынмен марапатталды. І орынға «Сәтбаев жастар құрамасы» лайық деп танылса, республикалық лиганың қатысушылары «Күлкі терапиясы» командасы әкім кубогының иегері атанды. Жеңімпаз командалар арнайы фестивальге тігілген қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Жастар бұл фестивальді кеншілер шаһарында өткізіп, ел жастарының басын қосқан қала әкіміне және ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.