Ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың негізі

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып жатқан елімізде басты байлық – азаматтардың денсаулығын сақтау мен жақсарту үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Өткен 20 жылдың ішінде денсаулық сақтау саласы түрлі реформаларды бастан кешіріп, олардың барлығы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында аталмыш саланы назардан тыс қалдырған емес. Үнемі және үздіксіз бақылауда ұстап, қазақстандықтардың денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыстардың жоғары деңгейде болуын талап етіп отырды. Осы орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауында да нақтылы тапсырмалар беріп, басым бағыттарды айқындады. Елбасының әлеуметтік жаңғыртулар жөніндегі бастамалары медицина қызметкерлері тарапынан да жоғары қолдауға ие болып отыр.

Иә, еліміздің қарқынды дамып келе жатқанына бәріміз куәміз. Жыл өткен сайын біздің кенді өңірдің де экономикалық қуаты артып, барлық бағыттар бойынша ілгерілеушілік байқалады. Солардың ішінде денсаулық сақтау саласын алатын болсақ, осыдан бірер жыл бұрын ғана пайдалануға берілген, бүгінде өзім жетекшілік ететін қалалық емхананы мысалға келтірер едім. Заман талаптарына сай салынып, озық медициналық құрал-жабдықтармен, қондырғылармен жабдықталған мекеме қала тұрғындары мен қоңсылас жатқан елді мекендердің халқына қызмет көрсетеді.

Халық денсаулығын сақтауда «Саламатты Қазақстан-2015» мемлекеттiк бағдарламасы аясында біздің мекемеде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi бойынша тұрғындарға мемлекет тарапынан берiлетiн кепiлдi көлемдегi тегiн медициналық көмектiң көлемi артып, сапасы жақсаруда. Сол сияқты ұлттық скринингтік бағдарламаның батыл қолға алынуы аса күрделі ауруларды алғашқы сатысында нақты анықтауға мүмкіндік берері сөзсіз.

Ең басты құндылығымыз – адам, адам еңбегі, әлеуметтік және тұрмыс сапасы болып қала беретінін Президент Үкімет пен жергілікті билік өкілдеріне шегелеп жеткізді. Олай болса, қазақстандықтар үшін жұмыла еңбек ету ғана қалды.

Әлия Қоңырова. Сәтбаев қаласы емханасының директоры.

Комментарии закрыты.