Заманауи білім беру мен кәсіби машықты ұштастыру

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаев «Ел дамуының бір бағыты – Қазақ­станда адами капиталдың сапалы өсуі, яғни, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау» деп атап өткен болатын.

Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша медициналық қызмет сапасын жақсартуда бірыңғай стандарттар енгізу жоспарлануда. «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс» деп, мақсат қойды. Осы мақсатқа жету үшін біліммен қаруланған жалынды жастарға үлкен жауапкершілік, сенім артылатындығын ұмытпауымыз керек.

Елбасымыз жастардың тек білім алып қана қоймай, оны кәсіби машықпен ұштастыра білуіне арнайы білім ошақтары көңіл бөлуді тапсырды. «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп, әдеттегідей білім-ғылым саласына ерекше тоқталып өтті. Сондағы ерекше тоқталып кететін бір жайт – жастардың өндірістік тәжірибеден өтуі. Жаңа бағдарлама бойынша кәсіптік білім студенттерінің өндірістік тәжірибеден міндетті түрде өтуі заңдастырылмақ. Оқу – өндірістік тәжірибелік нысандарды орнату міндеттері қойылып отыр. Бұл студент жастарға жұмысқа орналасуда септігін тигізері сөзсіз. Бір жағынан өз саласының майталмандарын дайындауда игі бастама бұл.

«Денсаулық» колледжінде бүгінгі таңда білім берумен қатар, өндірістік іс тәжірибеден өтуге баса мән беріліп отыр. Біздің колледжде Елбасы Жолдауын насихаттауға байланысты қызметкерлер мен студенттер арасында талқылау өткізіліп келеді. 7 басым бағыттың ішінде «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік» тарауы бойынша «Ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың негізі» және «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары» бөліміндегі «Білім беру саласындағы жұмыстың басымдықтары» тақырыптары бойынша пән мұғалімдері баяндамалар дайындап, талқылады.

Колледж ұжымы алдағы уақытта да Жолдауда көтерілген медицина сапасы мен білікті де білімді мамандар даярлау ісін жалғастыра бермек.

С.Тоқтыбаева, «Денсаулық» колледжінің директоры.

Комментарии закрыты.