Маңызды мереке басталды

Тамыздың екінші жартысынан бастап Ата Заңымыздың 14 жылдық мерекесіне арналған іс-шаралар басталып кетті. Мемлекеттік мерекеге дайындықты ұйымдастыру комитеті тамыз айы тумай-ақ жүргізген болатын. Ішкі саясат бөлімінің және «Іскер әйелдер Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тамыздың 14-20 аралығында «Қазақстан Республикасы Конституциясы – демократиялық Қазақстан құрудың негізі» атты конференция, ұлттық мәдени орталық өкілдері және мұғалімдердің қатысуымен орталықтандырылған кітапханада, Оқушылар сарайында дөңгелек үстелдер өткізілді. Тамыздың 25 мен қыркүйектің 10-ы аралығында қаланың барлық оқу орындарында «Менің құқым мен міндеттерім», «Единство нации – ключ к успеху» тақырыптарында кітап көрмесі жұмыс істейтін болады. Осы мереке қарсаңында қызметке жаңа кірген бірнеше мемлекеттік қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдайды. Мерекенің ең басты да жағымды жаңалығы әкімшіліктің атынан ипотекалық несиеге және жалға берілген үйлердің тұрғындарына салтанатты түрде пәтер кілті табыс етіледі. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп жалғызбасты, мүгедек жандарға, тұрмысы төмен отбастарына «Шаңырақ» ресторанында дастархан жайып, концерттік бағдарлама сыйламақ. Қыркүйектің бірінші онкүндігіне дейін қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен ашық сабақтар, дебаттар, бейбітшілік сабақтары, әңгімелер т.б. құқықтық, үгіт-насихат шаралары өтеді. Тамыздың 21-28-і аралығында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында аймақтық Ретро-әндер байқауы, «СКБ-видео» телеарнасы жариялаған «Сәтбаев жұлдызы» шоу-бағдарламасының жеңімпаздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Тамыздың 24 күні сағат 16.00-де Кеншілер ғимаратында қала жұртшылығына арналған салтанатты жиналыс болады. Конституция күніне арналған үлкен бағдарлама тамыздың 30 күні еңбек ұжымдарының, қала жұртшылығының, оқушы жастардың мерекелік шеруімен басталып, кеншілер алаңында болатын әртүрлі спорттық ойындарға жалғасады. Кешке қала тұрғындары үрмелі аспаптар оркестрінің концертін тамашалайды. Осы мәдени көпшілік шараға барлығы 6000-ға тарта адам қатысады деп күтілуде. Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.