Тазалыққа бәріміз жауаптымыз, алайда…

Көктем шығып, қаланы қыс бойғы қоқыстан арылтып, қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Көптің жұмылуымен бітетін істен барлық мекемелер, өндіріс орындары, білім ошақтары шет қалмайды. Көбіне көп бейсенбіліктер мен сенбіліктер мектеп ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен өтеді.

Кейде көшеде кетіп бара жатсаң, мектеп оқушылары көп қабатты үйлердің айналасын, тіпті қаладағы ірі сауда орындарының, банктердің ауласын жинастырып жүреді. Өз мектептерінің айналасын тазартқандары дұрыс-ақ, алайда банктердің, дүкендердің айналасын оқушыларға сыпырту, жинату мүлдем келісерлік іс емес. Оның орнына бірнеше жылдар бойы құрылысы аяқталмай тұрған иесіз ғимараттардың іші-сыртын неге тазаламасқа? ­КСК, ЖКЦ дегендер қайда?

Неге әр мекеме өз ауласын өзі жинастырмасқа. Әрқайсының басшысы, бір дүкеннің ішінде бірнеше сатушысы, банктерде қызметкерлері бар. Солар неге шықпайды сенбілікке?

Қала басшылығын қолға алған А.Ыдырысов осы мәселеге араласып, оқушылардың жеке меншік иелеріне тиесілі нысандардың айналасын жинастыру жұмыстарына тосқауыл қояды деп үміттенеміз.

Қала тұрғыны Қаратаева.

Комментарии закрыты.