Облыс әкімі грант тапсырды

Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев өңірдегі этномәдени бірлестіктер басшыларымен және діни конфессиялар өкілдерімен кездесті.

«Біздің кездесуіміз Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтіп отыр. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның баға жетпес қазынасы еліміздің бірлігі екені даусыз. Нақ осы ауызбірлігіміз экономиканың орнықты өсуі мен қоғамдағы тұрақтылықтың басты шарты болып табылады», — деді Б.Әбдішев.

Қазақстандықтардың бейбітшілік пен келісімде қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығы жағдайында тату-тәтті өмір сүруіне Қазақстан халқы Ассамблеясының сіңірген еңбегі зор, деп атап көрсетті ол.

Облыс әкімі биылғы жылы Қарағандыда этомәдени бірлестіктер үшін Достық үйінің құрылысы басталатынын хабарлады. «Жоба жасалды, қазір ол сараптау кезеңінде. Біздің бәріміз «Достық үйінің» іргетасына алғашқы кірпіш қалайтын кез алыс емес», деп атап өтті Б.Әбдішев.

Кездесу соңында облыс әкімі достықты, ұлысаралық келісімді және аймақта тұратын ұлыстардың мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін 27 этомәдени бірлестіктің басшыларына 700 мың теңгеден грант тапсырды. Бұл қаржыға этомәдени бірлестіктер ұлттық киімдерін жаңартып, ұлттық музыкалық аспаптар сатып алады. Гранттар сондай-ақ мемлекеттік тілді және өздерінің ана тілдерін оқып-үйренуге, қазақстандық патриотизмді, тағаттылықты, ұлысаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған шаралар өткізуге жұмсалатын болады.

БАҚ материалдарі негізінде дайындалды.

Комментарии закрыты.