Есімі ел есінде ғұламаның

Арқа аймағының асыл жауһарына не бары 25 жасында түрен салған ұлы академик, Қазақ ұлттық Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 12 сәуірде 114 жыл толды. Іргесін ұлы ғалым қалаған кенді шаһардың жұртшылығы асыл перзентін асқақ тұлғасының алдында еске алып, оның ұшан-теңіз еңбегіне құрмет пен қошемет көрсетіп, тағзым етті.

Академиктің туған күніне арналған салтанатты жиынға қала басшысы Асқар Ыдырысов, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері мен қалалық мәслихаттың депутаттары, қаланың Құрметті азаматтары және мемлекеттік мекемелердің басшылары, қалың жұртшылық қатысты.

Салтанатты жиынға қатысушыларды әуелі академиктің туған күнімен А.Ыдырысов құттықтап, сөз алды. – Ғалымның қалдырған өшпес мұрасы тәуелсіз Қазақстанның өркендеп, өсуіне өз септігін тигізгені айдай ақиқат. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Ол тек қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің, адамзаттың Қанышы». Біздің өңіріміздің әл-ауқатының негізін қалаған Қаныш ағамыздың қажырлы еңбегі Қазақстанның индустриалдық-инновациялық даму кезеңінде өте маңызды болып табылады. Қ.Сәтбаевтың ерен еңбегінің нәтижесінде кең далада пайда болған кеншілер қаласының тұрғындары аты аңызға айналған тұлғаның ғылыми ізденістерін жалғастыруды зор мәртебе санайды. Биыл өндіріс өркен жайған қаламыздың құрылғанына 40 жыл толады. Бұл митингке жиналған өскелең ұрпақ ұлы істің лайықты жалғастырушылары болатынына тілектеспін, – деді қала басшысы.

Қаныштың қазақ еліне сіңірген еңбегі жайлы «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің аппарат жетекшісі Дархан Ранов, қаланың Құрметті азаматы, ақсақалдар Алқасының төрағасы Мұзараф Аханов, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Ниязғали Жайсаңбаев, «Қазақмыс» корпорациясының бас жобалау институты тау-кен бөлімінің басшысы Серік Қуанышбайұлы сөз қозғады.

Салтанатты жиын соңында қала басшысы бастаған құрметті қонақтар ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қаланың 40 жылдығына арнап өнер мектебінің «Юнеско» клубы ұйымдастырған көрмені тамашалады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.