Лауазымды тұлғалар қабылдау жасады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұрғали Әшім, Асқар Базарбаев және Арман Қожахметов өткен аптада Сәтбаев қаласында болып, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Оған қала әкімі Асқар Ыдырысов, қалалық мәслихаттың депутаттары Тоғызбай Тәжбенов пен Сұлтанбек Мырзақоңыров және «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев қатысты.

Қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді білу және олардың сұрақтарына жауап беру, сондай-ақ, қазіргі таңда талқыланып жатқан өзекті тақырыптардың бірі – зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң жобасын түсіндіру мақсатында келген Парламент Мәжілісінің депутаттары сол күні жеке сұрақтары бойынша 11 азаматты қабылдады. Келушілер өздерін мазалап жүрген арыз-шағымдары мен талап-тілектері, жеке басының мәселелері жөніндегі сауалдарымен бөлісті.

Алғашқы болып кірген қала тұрғыны Ольга Суханова өзінің 10 жыл бойы Қазақстан Республикасы азаматтығын ала алмай жүргенін айтты. «Оған себеп – қалалық көші-қон полициясының тиянақсыз әрі көңіл толтырмайтын жұмысы» – деп түсіндірді ол. Сол мезетте Парламент Мәжілісінің депутаттары қалалық ішкі істер бөлімінің басшысын шақыртып, Ольга Суханованың мәселесін жақын арада шешуді тапсырды.

Одан кейін кірген ақсақал Жақан Алтаев алкогольдік өнімдер қаламыздың кез келген дүкенінде түнгі уақытта сатыла беретіндігін жеткізді.

– Заң бойынша спирттік ішімдіктерді жасөспірімдерге сатуға тыйым салынған. Алайда, бұл заң біздің қаламызда толығымен орындалып жатқан жоқ. Оның орындалуын жіті қадағалап отырған орган да жоқ. Пайданы көздеп, арақ-шарап сататын саудагерлерге қашан шектеу қойылады? Осы мәселенің бір шешімі табылар ма екен? – деп шағымданды ақсақал.

Келесі кезекте кірген азаматша Гүлнәр Байгазиева зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту бағытындағы бастамалар туралы және бірыңғай зейнетақы жүйесін құруға байланысты сауалдарын қойды. Өз тарапынан халық қалаулылары жаңа заң жобасының тиімді тұстарын айтып, әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке дейін ұлғайтудың қаншалықты қажет екендігін түсіндірді.

Парламент Мәжілісінің депутаттары жүргізген қоғамдық қабылдауға келген тағы бір топ сәтбаевтықтар жұмысқа орналасу, баспана мәселесіне қатысты сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

– Сәтбаев қаласының тұрғындарымен кездесуімізде оларды толғандыратын мәселелер аз емес екенін байқадық. Қоғамдық қабылдау барысында бірқатар әлеуметтік мәселелермен бірге, зейнетақы жүйесінің жаңғыртылуы секілді тақырыптар да қозғалды. Еліміздің әр аймақтарын аралап, халықпен кездесіп, оларды жаңа заң жобасымен таныстыру және сол жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау – біздің жұмысымыздың басты мақсаты болып табылады, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрғали Әшім.

Бұл күні депутат мырзалар өздеріне қойылған сұрақтардың барлығына қажетті кеңестер беріп, алдағы уақытта мәселелердің шешілуіне ықпал ететіндіктерін айтты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.