Жастар – еңбек күші

«Әлемнің әміршісі – еңбек» деген аталы сөзбен басталатын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамалық мақаласы көпке ой салды. Бұл мақалада Президент бүгінгі таңдағы еңбектену мәселесін бірінші қатарға қояды. Еңбек арқылы бақ-дәулетіңді, атақ-даңқыңды шығарасың. Еліне қалтқысыз еңбек еткен есіл ерлердің жан кешті ерліктері бүгінгі буынның бойынан табылу керек. Елбасы өз мақаласында жастарды осыған үндейді.

Масылдық, енжарлық – еңбек адамына көлеңке түсіретін бірден-бір кері әрекет. Дені сау, тепсе темір үзетін қазақ жастарының «масылдық қамытын» киюі еңбек қуатының әлсіреуіне әкеліп соғады. Президент мақаласында қоғамның осы бір кертартпа тұсын жетер санаға жеткілікті етіп түсіндіріп береді. «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет», дей келе, Елбасы жаңа еңбек қоғамында жаңаша идеялардың жастар тарапынан жүзеге асуына және еңбек күшінде көбіне-көп жастарға мол үміт артады.

Қай кезде де, қай қоғамда да болмасын еңбек – ең әуелі дамудың, өркендеудің баспалдағы болды. Болып қала береді де. Ел жастарының еңбекке деген құлшынысы алыстарға ұмтылған мемлекетіміздің игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан индустриалдық-инновациялық жобалардың қанат жаюына үлес қосса, жалпыға ортақ еңбек қоғамы мақсатының іске асқаны деп білеміз.

Интернет материалдары негізінде дайындалды

Комментарии закрыты.