Қауіпсіздік кеңесінің отырысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.

Отырыста еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ғарыш саласын дамыту жөніндегі шаралар туралы мәселелер қаралды.

Кеңесті ашқан Қазақстан Президенті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салудың маңыздылығын атап өтті.

Бірінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков баяндама жасады. Ол ауыл шаруашылығы саласында қол жеткен табыстармен қатар ел басшылығы назарын аударуды қажет ететін бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар екеніне тоқталды.

Қазақстан Президенті бірінші мәселенің талқылауын қорытындылай келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аса маңызды стратегиялық міндетінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Бұл мәселе Қазақстанның алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында ерекше өзекті бола түсуде, өйткені, тағам өнімдері бойынша импорттық тәуелділіктің күшейе түсуі еліміздің ұлттық мүддесіне қатысы бар.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге белсене қолдау көрсету, ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау, заманауи технологияны пайдалана отырып, тағам өнімдерінің ішкі саудасын дамыту жөніндегі басымдығы бар міндеттерді анықтап берді.

Екінші мәселе бойынша Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында ғарыштық қызметтердің әлемдік нарығындағы Қазақстанның орнын кеңейту, сонымен қатар, бірқатар жобаны жүзеге асырылу кезеңіне жеткізу мақсаты қойылғанын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш саласында Қазақстанның тек өршіл мақсаттары ғана емес, ғарыштық технологияларды кеңінен пайдалану үшін тиісті экономикалық және техникалық мүмкіндіктерінің де бар екенін атап өтті.

Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға азық-түлік қауіпсіздігі мен елдің ғарыш саласын дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Ақорда баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.