Тілді үйрете ме, күйрете ме?!

Біздің өмір сүріп отырған қазіргі ғасыр – адам ойынан туындаған заманауи технологиялардың қарқынды дамып тұрған дәуірі. Техниканың сан алуан түрін өндіретін Қытай мемлекетінен келіп жатқан тұрмыстық заттарға болсын, киім-кешекке болсын сұраныс жоғары. Соның ішінде балалардың ойыншықтары көз қызықтырады. Бұрынғыдай ата-аналар балаларына қандай ойыншық алып береміз деп ми қатырмайды. Ақшаңыз болса болғаны, дүкенде ойыншықтың неше түрін шетінен шертіп ала беріңіз.

Соңғы жылдары балаларға арналған үш тілді үйрететін электронды шағын тіл құралы шықты. Кішкентай балаға тілді меңгертудегі осы бір құрылғының маңызы ерекше. Бұл құрылғы қазақ, орыс, ағылшын тілін үйретуге арналған. Әр тілдің өзінің бағдарламасы бар. Бір қарасаңыз құрылғы тілді үйренудегі таптырмайтын құрал. Енді әңгіме төркініне көшейік.

Жақында бір әріптесіміздің қызы жұмысқа осы бір құралды қолтықтай келді. Әріптесіміз осы құралдың арқасында балаларының қазақша әріптерді, дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуды үйреніп қалғанын айтады. Бәрі дұрыс-ақ. Құрылғыны ашып, ішкі экранына зер салып қарасақ, экранның үстіңгі жағындағы сауатсыз аударманы көріп, көңіл құлазып сала берді. Тілі жаңа шығып, әліпбе әлемін енді үйреніп жүрген бала түгілі үлкендердің өзі түсінбейтін мына аударманы кішкентай бүлдіршіндердің шағын әліпбйіне кім салды екен?

«Шетсіз де, шексіз әлем ішінде біздің көңілді түрде ұйрету мүмкіндік жаратады». Бұл сөйлеммен «тіл жанашырларының» не айтқылары келді? Оны орыс тіліндегі аудармасын оқып барып қана түсінесіз. «Давайте получать удовольствие от веселого обучения в этом безграничном творческом мире».

Шет елдік өнімнің қазақ тіліндегі аудармасы дұрыс болмаған жағдайда шекара асырып, оны саудалауға тоқтау салса ғой. Аудармаға салғырттықпен қарау, тұтынушылардың жас ерекшелігін ескермеу және тілге деген құрметтің кейбір пайдакүнем жандардың салғырттығынан төмендеп тұрғаны күйіндіреді.

Әлбетте, шағын дүниеден шулататындай дүние жасауға құштар емеспіз. Алайда, «айтпаса шындықтың атасы өледі» деген ата-бабаларымыз. Осындай ұсақ-түйекке мән беріп, шет елден өндіріліп келетін өнімнің сапасы мен мемлекеттік тілдегі аудармасына бақылау болмай талай дүниенің жас буынға түсініксіз әрі мағынасыз кетіп жатқандығы өкінішті.

Біз ел болып тілдің қадірін қашыратын аудармаларға көңіл бөлмесек, мұндай сауатсыз аудармалардың сананы улау қаупі бар.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.