Ұлты өзбек болғанмен, жүрегі қазақ деп соғады

Алпысыншы жылдардың ортасында Өзбекстаннан қазақ жеріне қоныс аударған Нәзипа Мәмедова біздің ұлтқа сіңісіп кеткелі қашан. Түбі бір түркі теткес өзбек пен қазақтың, әзербай-жанның, башқұрттың тілдерін еркін меңгерген Нәзипа шаңырақтарының көп ұлтты екенін айтады. Анасы татар қызы болса, сүйіп қосылған жары әзербайжан ұлтынан.

– Қазақ жеріне табан тірегелі бері қасиетті ұлттың жақсылығын көп көріп келемін. Өзім өзбектің қызы, әзербайжан ұлтының келіні болсам да қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуді үлкен парызым деп санаймын. Бірлік пен береке салтанат құрған Қазақстан елінде ұрпақтарымызды ұлттық тәрбиеге баулып өсіріп жатқан жайымыз бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы да салиқалы саясатының нәтижесінде ұлт пен ұлыстар бірін-бірімен тату ғұмыр кешіп, ел игілігі жолында жемісті еңбек етуде. Жиырма жылдан асты қаладағы №26 «Қарлығаш» балабақшасында ән-күй сабағынан жетекшілік етіп келемін. Ұлтым өзбек болғанмен жүрек қазақ деп соғады. Ата-анам жас кезімізде «қай ұлттың топырағын бассаң, сол елдің тілін, салтын-дәстүрін қадір тұт, сыйла» дейтін. Осы ақыл мен парасатты ойды санамда берік ұстадым. Қазақ тіліне деген құштарлық пен қызығушылық жетелеп, 2010 жылы ашылған қазақ тілі орталығына қазақ тілінен білімімді жетілдіруге алып келді. Деңгей бойынша қазір жоғарғы сатыда қазақ тілін меңгеруге дайындалып жүрмін. Отбасымдағы өсіріп отырған ұл мен қызымды, жолдасымды да қазақ тілін үйренуге талпындырып жүрген жайым бар. Қазір байқап жүрмін жастардың көбісі бұрынғыдай емес, ана тіліне деген құрметтері артып келеді. Алайда, өзім қатарлас құрбы-құрдастардың тіл шұбарлығына жол беретіндіктері қынжылтады. Балабақшада бөбектерге өз ана тілдеріңді қадір тұтыңдар деп айтып жүремін. Соның есесі болса керек, қазақ балалары мен қатар, өзге ұлттың бүлдіршіндері де қазақ тілін үйренуге талпынып жүр. Қай ұлт болмасын бірінші ана тілімен мақтануы керек, – дейді Нәпиза Садыққызы.

Ынтымақ пен ырысты берік ұстанған елімізде ұлтымыздың тілін қадірлеп, салт-дәстүрін сыйлаған бауырларымыздан үлгі алсақ, нұр үстіне нұр емес пе?

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.