Ынтымағы берік елдің – ырысы мол

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамына айналды. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіс­пеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Татулық пен достықтың нышанына айналған Бірлік күні қарсаңында мерекенің маңыздылығы мен мәртебесі жайлы және қала көлемінде мерекеге орай қандай іс-шаралар өтетінін білу мақсатында Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімінің бастығы Кауһар Сағындықованы әңгімеге тартқан едік:

– Елімізде саналуан этнос өкілдері қазақ халқымен бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда бірлік пен келісім, өзара түсіністік өздігінен пайда болған жоқ. Бірлік пен келісім ат ауыздығымен су ішкен, ер жігіт еті­гімен су кешкен қиын-қыстау замандардан бастау алады. Аталған ұғым жиырмасыншы ға­сырдың басында халықты күйзелткен ашар­шылық пен қуғын-сүргін кезеңіндегі тарихы­мыз бен тағдырымызға негізделеді. Бірлік сұрапыл соғыс майданында өз Ота­ны, отбасы мен болашақ ұрпағы үшін аянбай айқасқан әке мен атаның асқақ ерлігімен шыңдалды. Еліміздегі өзара түсіністік пен ке­лісім тың даласын игеру, Қазақстанды өндіріс ошағына айналдыру кезеңдерінде халық жұмыла көтерген жүкпен бірге нығая түсті.

Қазіргі таңда, еңселі ел болудың даңғыл жолына түстік, әлеуетіміз артты, дәулетіміз еселеніп отыр. Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi ту етiп ұстауының нәтижесiнде Тәуелсiздiк жылдарында ұлтаралық қақтығыс орын алған жоқ. Керiсiнше, өзге ұлт өзiм деп бауырына тартқан қазақтың қонақжайлығын, меймандос пейiлiн құрмет тұтады. Бұған елiмiздiң экономикалық-әлеуметтiк дамуына атсалысып жүрген түрлi ұлыс өкiлдерiнен көптеп мысал келтiруге болады.

«Қазақстанды, қазақты достықтың киелi шаңырағына теңесек, түрлi этностар оның алтын арайлы уықтары iспеттi. Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды бiрiктiре түсетiн ортақ құндылықтар бар. Ол – бiздiң талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежiрелi тарихымыз. Ол – бiздiң байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берiк мемлекеттiк тiлiмiз», – дедi Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының кезектi сессиясында сөйлеген сөзiнде.

Тамыры терең осы сөзi арқылы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға ортақ құндылық – қазақтың ұлттық мұрасы мен тiлi екенiн нақты айтып отыр. Ұлттық мұрамыз – өмiр сүрiп отырған жерiмiз, оған иелiк етiп отырған халқымыз. Бұл – баға жетпес құндылық. Тек осы құндылықтың парқын қазақ қана емес, барша қазақстандықтар бiлуге тиiс.

Этносаралық татулық туралы әңгіме қозғағанда оның тірегі болған Қазақстан Халқы Ассамблеясы жайлы айтпай кету әсте мүмкін емес. Құрылғанына биыл 18 жыл толған аталмыш ұйым осы жылдар ішінде талай асуды бағындырды. Елдің барлық аймақтарында этно-мәдени орталықтар құрып, сол арқылы әр ұлттың салт-дәстүрін дәріптеуде. Қазір республикамызда 820 ұлттық орталық жұмыс істейді. Оның 28-і республикалық дәрежеде. Ал, 88 ұлттық мектеп, 195 жексенбілік мектеп бар.

Түрлі ұлттан құралған мемлекетті мәмілегерлікке бастайтын Ассамблея тәжірибесі бүгінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бір ғана мысал, Қазақ елінің ешбір азаматы ұлтына, нәсіліне қарап қоғамнан қағажу көрген емес. Яғни, біздің елдегі әрбір диаспора өкілінің толыққанды ғұмыр кешуіне барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, Ассамблеяның мәртебесі ұлғайып, 9 депутат Мәжілістен орын алды. Түрлі ұлт өкілдерінен тағайындалған сол депутаттар қазір елдің заң шығару процесіне ғана араласып қоймай, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге де күш салып жүр.

Осындай игілікті істерді өз қаламыздан да көруге болады. Бүгінде кеншілер қаласында 6 этномәдени орталық құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың қай-қайсысы болмасын қаланың қоғамдық-мәдени өмірінен тыс қалған емес. Этномәдени бірлестіктер жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күні, Қазақстан халқының тілдері күні секілді жалпыұлттық мерекелерді, Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Масленица, Пасха, Сабантой секілді көптеген діни және күнтізбелік, ұлттық мерекелерді қоян-қолтық бірге тойлайды. Биылғы халықтар бірлігі күнін де осындай бір шаңырақтың астында ынтымақпен қарсы алып отыр. Этномәдени бірлестіктер қаламызда өтетін мерекелік шараларға белсене араласып келеді. Этника аралық бағытта ешқандай шиеленісулер жоқ. Орталықтар бір-бірімен тығыз рухани-мәдени байланыста. Әсіресе, осы орталықтар елімізде тұрақтылық пен татулықты, дін аралық қатынастарды нығайтуға өздерінің үлестерін қосуда.

Әрине, қай этномәдени бірлестік болмасын өздерінің тарихи отандарымен тығыз байланыс жасауға ынталы. Оған да барынша мүмкіндік жасалынған. Олардың сол елдерге барып, өздерін көрсетіп, өзгелерден үйреніп келіп жатқандары да бар. Осы бағытта облыс әкімінің гранты да беріліп жатыр. Оны орталықтар тиімді пайдалануға тырысуда. Мұндай грантқа біздің қаламыздан украин ұлттық орталығы 2011 жылы ие болды.

Жалпы, жиырма жылға жуық уақыт аралығында барлық этномәдени бірлестіктер жақсы жұмыс тәжірибесін жинақтап, қазірде өздерінің этникалық топтарының шын мәніндегі ұлттық мәдениеті орталығына айналды.

Сайып келгенде ынтымағы берік елдің ырысы мол болатынын еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі айқын дәлелдеп отыр. Сондықтан да бізде бірлік пен ынтымақтастық қашанда жоғары деңгейде тұратын болады.

Дайындаған Ізтай Белгібай.

Комментарии закрыты.