Саннан – сапаға

Сәтбаев қалалық сотының төрағасы Руслан Мұқатаевтың төрағалығымен әкімшілік істер бойынша ағымдағы жылдың І тоқсанында атқарылған істерді қорытындылап, алдағы атқарылар істерді жүйелеу мақсатымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға құзыретті органдар – ішкі істер бөлімінің, прокуратураның, салық басқармасы мен жол полициясы бөлімінің өкілдері және әкімшілік істерді қарайтын соттар қатысты.

Төраға Р.Мұқатаев І тоқсан бойынша әкімшілік істердің қаралу барысы жайында ақпарат берді. Оның айтуынша, сотпен барлығы 307 әкімшілік іс қаралып, соның ішінде 111 тұлғаға әкімшілік айыппұл, 60 тұлғаға көлік құралын басқаруға тиым салу, 105 тұлғаны әкімшілік қамауға алу, сонымен қатар, қосымша шара ретінде 13 тұлғаны көлік құралын басқару құқығынан айыру және 3 тұлғаға қатысты қызмет түріне арналған лицензиясының қолданылуын тоқтату шарасы және 2 іс бойынша мүлікті тәркілеу жүзеге асқан. 30 әкімшілік іс өндіріспен қысқартылған. Алайда, қайта рәсімдеуге істер қайтарылмаған. Баяндамашы әкімшілік құқықбұзушылықтың әр түріне байланысты қаралған істерді баяндай келе, атқарылған жұмыстардың санына емес, сапасына мән беруді сұрады.

Осы әкімшілік істер бойынша қызмет көрсететін соттар – Қайрат Шайкамалов пен Амантай Әбдікамалов құзырлы органдардан келіп түсетін хаттамалардың сапасының төмен, әрі қателіктер де көрініс тауып отырғанын айтты. Бұл тарапта ішкі істер бөлімінің хаттамаларына аса жауапкершілік керектігін тапсырды. Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары А.Каримов мұндай жағдайлардың көрініс табатынын, бұл бағытта қазіргі күні арнайы сабақтарда кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Соттар хаттама толтыруда құқықбұзушының барлық деректерінің толық әрі нақты болуы басшылыққа алынса деді. Өйткені, сапасыз әрі нақты толтырылмаған хаттамалардың әсерінен істі қарауда кешіктіруге алып келетіндігін жеткізді.

Сот төрағасы жиын барысында хаттамада мемлекеттік тілдің қолданысына да мән беруді талап етті. Кейбір жағдайларда, құқықбұзушылықпен ұсталған азамат не азаматша хаттаманы орыс тілінде толтырып, істі қарауға келгенде ол ресми тілді білмейтін болып шығатын көрінеді. Сондықтан да әр азаматтың құқығына сай, өзі меңгерген тілде хаттама толтырылу керектігін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған төраға Р.Мұқатаев сотқа келіп түсетін істердің нақты әрі сапалы болуы істің кешіктірілмей қаралуына басты себеп екендігін, осы олқылықтың орынын толтыруда жұмыла жұмыс атқарылуы керек деді.

Б.АЙТӨРЕҰЛЫ.

Комментарии закрыты.