Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте

Ия, қалада алғаш рет өткізілген бұл байқау осылай аталды. Бірақ,  оған мемлекеттік мекемелерден бірде бір қызметші қатысқан жоқ. Іс-шараны ұйымдастырушы – мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, барлық мекемелерге сұраныс та, ұсыныс та айтылған. Солардың ішінде «Ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Жұмыспен қамту орталығы» ниет білдірген екен, соңғы сәтте олар да бас тартыпты. Сірә, білім ошақтарының сақадай сай тұрған мамандарынан жүрексінсе керек.

Сонымен бұл байқау білім беру мекемелерінің мамандары арасында өтті. Мектепке дейінгі – 1, орта мектептен – 7 қазақ тілі мамандары мен іс жүргізушілері 4 кезеңнен тұратын сайыста мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендерін, сахналық шеберліктерін, тапқырлығы мен сөйлеу мәдениеттерін көрсете білді. Әрине, ұстаздар қауымына бұл жолы да алғысымыз шексіз. Қала қандай шара өткізсе де салмақ соларға түседі. Бұл жолы да мектептер болмаса байқау өтпей, жоспар орындалмай қалары сөзсіз еді. Атап айтсақ, №№19, 14, 12, 5, 3, 4, С.Сейфуллин атындағы гимназия және «Нұрбөбек» балабақшасының топтары барлық шарттарда белсенділік көрсетіп, үлкен дайындықпен келгендерін танытты. Топтар арасында берілген тапсырмаларды техникалық, шығармашылық жақтарынан сапасыздау орындағандары да кездесіп қалды. Тапқырлығы мен ойды жеткізуде бірінен бірі асып түсіп жатқандары да болды. «Кештеу айтылды, дайындыққа уақыт аздау боп қалды» дегенді де естіп қалдық. Дегенмен, тақырыпқа сай болмаса да, байқау жақсы деңгейде өтті.

Қазылар алқасының ойлары бір жерден шығып, І орынды «Нұрбөбектің» «Өркен» тобы иеленді.

«Гимназия» тобы ІІ-ші орынға, ал №4 лицей-мектептің «Қазына» тобы мен №12 мектептің «Атамекен» тобы ІІІ орынды бөлісті. Жүлдегерлер мен барлық қатысушыларға мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Төлеш бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырды.

Жеңімпаз «Өркен» тобы облыстық байқауға жолдама алады.

М.Жаппасбаева, қазылар алқасының мүшесі.

Комментарии закрыты.