Бағдарламаның орындалуы қаралды

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының ғимаратында филиал жанынан құрылған бір салалы шағын қалаларды дамыту бағдарламасының қала бойынша жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі қоғамдық Кеңестің отырысы өтті.

Кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиын қалалық мәслихаттың депутаты, Кеңес мүшесі А.Төлендинаны Кеңестің төрағалығына сайлаудан басталды.

Отырыстың күн тәртібінде 2013-2015 жылдарға арналған Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарының, шағын қаланы дамыту мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін, қаланың экономикасын оңтайландыру және әртараптандыру бойынша жүргізетін жұмыстар пысықталды.

Бағдарламаның қала бойынша жүзеге асырылу жағдайын қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бастығы М.Бапов баяндады. Баяндамашы былтырғы жылы атқарылған жұмыстармен қатар, биылғы жылдың еншісіндегі жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, бағдарлама аясында №25 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, Кеншілер алаңы қайта жаңғыртылады. Қалаішілік жолдар ретке келтіріліп, Батыс және Шығыс аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жақсартылмақ.

Кеңес мүшесі М.Қожахметов бағдарламада жоспарланған кейбір іс-шараларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керектігін айтты. Атап айтар болсақ, қалаішілік жолдардың бұрын-соңды асфальтталмаған – М.Жәлел, М.Горький, Ә.Молдағұлова көшелеріне жол салуды биылғы жоспардан қалдырмауды ұсынды.

Жиында сондай-ақ, Кешенді бағдарламаның жүзеге асырылуына кәсіпкерлерді тарту жайы мен қаланың экономикасын жақсартуды көздейтін жобалардың қолға алынбай келе жатқандығы сөз болды.

Кеңес отырысына төрағалық еткен филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев бағдарламада көзделген іс-шаралардың уақытылы әрі еш кедергісіз жүзеге асырылуына бақылауды күшейту керек дей келе, жиынды қорытындылады.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.