Ұлттық ойындар тасада қалмауы тиіс

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұзақ мерзімді Жолдауында ұлттың басты құндылығы – денсаулығы дей келе, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке денешынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы спорттық нысандардың, соның ішінде аулалық нысандардың бой көтеруіне ықпал етуін тапсырды.

Елбасы жүктеген осы мәселелердің және қаламызда спорт саласының қай бағытта дамып жатқанын білу мақсатында қала әкімі Асқар Ыдырысов осы сала мамандарының қатысуымен жиын өткізді.

Асқар Абылайұлы бүгінгі таңда қалада спорттың ең жоғарғы деңгейде дамуына барлық жағдай жасалғанын айтты. – Елімізде баламасы жоқ спорттық сауықтыру кешені бірнеше нысанның басын біріктіріп, бұқаралық спорттың дамуына қызмет етіп келеді. Облыс бойынша біздің қала тамаша мүмкіндіктер бола тұра 12-ші орында тұрмыз. Саламатты қоғам құрамыз деп талпынсақ, жасалған мүмкіндіктерді пайдаланып, тек облыстық деңгейден көрінуге ғана емес, республикаға спорт майталмандарын танытуға толық жағдай бар. Тек азаматтардан спортқа деген құлшыныс қажет, – деді қала басшысы.

Білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Зухраб Дауымбаев қала бойынша спорт саласының даму деңгейі жайында баяндады. – Біздің қалада жүйелі түрде 21200 адам спортпен шұғылданады. Спортсүйер қауымға спорттық сауықтыру кешенінен басқа, «Жастар» спорт сарайы, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, ашық теннис корты мен көпсалалы хоккей корттары және аулаларда футбол алаңдары жұмыс істейді, – дей келе, З.Дауымбаев бұл нысандардың азаматтарды қабылдау мүмкіндігіне тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді жеткізді. Осы тұрғыда қала басшысы ұлттық ойындардың хал-ахуалы қандай деген сауалын қойды. З.Дауымбаев қазіргі күні ұлттық ойындардан арнайы жаттықтырушылардың жоқтығы спорттың бұл түрлерінің ақсауына әкеліп отырғанын тілге тиек етті. Алайда, қазақ күресінен жастар шама-шарқылары жеткенше жаттығып жүр. Тоғызқұмалақ, арқан тартыстың деңгейі баяу. Бұл ойындар қалалық іс-шаралардың деңгейінде қалып отыр.

А.Ыдырысов ұлттық ойындар тасада қалмай, алдағы уақытта бұл бағытта жұмыс жасауды тапсырды. Спорттық сауықтыру кешенінің бос жатқан алаңдарында қосымша көпке қолжетімді ашық футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары мен қыста шаңғы тебетін алаңдар бой көтеруі тиіс деді.

«Қазақмыс-спорттың» басшысы Нұрлан Алтынбаев: – Қала басшысының алға қойып отырған міндетін жүзеге асыруға, қала халқын бұқаралық спортпен айналысуға барлық жағдайды жасаймыз. Спорт кешені жабылады деген көптің көкейінде жүрген күпті сауал бар. Спорт кешені жабылмайды. Қазіргі күні облыстық спорт басқармасында кешенді облыстың әкімшілігіне тапсыру мәселесі талқыланып жатыр. Сондықтан да кешеннің жұмысы кестеге сай жүріп жатыр, – деді.

Сауықтыру кешенінің директоры Юрий Апарин қала басшысына футбол саласының қайта жандануына септігін тигізуді сұрап, футболдан Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданынан команда жасақтап, аймақтық турнир өткізу ұсынысын жеткізді.

Жиын барысында қала әкімі жауаптыларға мектепте орналасқан спорт залдарда, футбол алаңдарында балалардың спортпен айналысуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, футбол алаңдарының тазалығына жауапты мекемелер бекітіліп, оның жарамыз күйге түспеуіне қатаң бақылау болуы керек деді. – Спорт қай кезде де маңызға ие. Спортпен айналысамын деп талпынған жастарды деңгей бойынша жаттықтыру аса қажет. Баланың мектепте басталған спортқа деген бейімін орта жаста колледжде, арнайы секцияларда жалғасын тауып отыруы қажет. Бүгін талпынысы бар жастарды қолдамасақ, қолда бар алтынның қадірін білмей, опық жеуіміз мүмкін. Елбасы жүктеген бұқаралық спортты дамыту, халықты спортқа тарту күн тәртібінен түспеуі керек. Мен жауапты мекемелерден жылдың аяғына дейін спортпен шұғылданушылардың көрсеткішін 35 пайызға жеткізуді талап етемін, – деп жиынды қорытындылады қала басшысы.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.