Тағылымы бөлек ағымдардан аулақ болайық

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің жанындағы дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының орынбасары Тимур Козырев Жезқазған, Сәтбаев қалаларына келіп кездесу өткізді. Әкім аппаратының үлкен залында болған жиынға қалалық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдардың, білім беру саласының өкілдері қатысты. Қала әкімі Асқар Ыдырысов жиынды ашып, Т.А.Козыревтың келу мақсатымен таныстырды.

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Қазақстандағы дін мәселесіне байланысты «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды» деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты жер-жерлерде тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда, – дей келе, қала басшысы сөз кезегін қонаққа берді.

– Мен бұл аймаққа Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының шақыртуымен келіп отырмын. Дін әлеуметтік-экономикалық, этносаяси және басқа үрдістердің айнасы бола отырып, бүгінгі күні азаматтардың және діни өмірдің аясынан шығып, өзіндік саяси күшке айналып отыр. Егер ислам діні қайырымдылыққа, ізгілікке үндесе, кейбір діни ағымдар адамдарды, әсіресе, жастарды теріс бағытқа итермелейді. Солардың бірі – салафиттік ағым, уахабшылдық және такфирлер.

Өте қауіпті ағымға жататын «Такфир» Қарағанды облысында кеңінен тараған. Олардың басты ұрандары «Кім намаз оқымаса, сол кәпір». Қазақстанда бұл ағым 90-95 пайыз тараған. Діни сауаты ашылмаған жастар бұлардың қармағына тез ілігеді.

«Такфир» жамағатының мүшелері өздерінің пікірлері мен мінез-құлықтары бойынша батыл шараларға баратын көзқарастарымен ерекше көзге түседі. Олар өзгелерден оқшауланып өмір сүреді, мешіттерге бармайды, қылмыстық топтармен бірігеді.

Такфирлер намаз оқымағанды дінсіз деп санап, олардың қолынан тамақ ішпейді, мемлекеттің заңдарын орындау міндетті емес деген талап қоя отырып, өз идеяларын жүзеге асыру жолында адам тонау, ұрлық, бопсалау, тіпті адам өлтіру мен іріткі салу сияқты кез келген әдіс-амалдарды қолданады, – деген Тимур Анатольевич Такфир жамағаттың негізгі ұғымдарына тоқталды. Сондай-ақ, Тимур мырза дәстүрлі діндер мен түрлі ағымдардың арасындағы айырмашылықтар жөнінде де кеңінен түсіндірді. Тыңдаушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Кейбір оқушылардың орамал байлап, мектептің ортақ үлгісін киюден бас тартуы жөнінде қойылған сұраққа «әзірге мемлекеттік мекемелерде орамал тартуға тыйым салынған жоқ, келешекте бұл мәселе шешілуі тиіс» деген жауап алынды.

– Ислам дінінен басқа ағымдарда жүргендердің барлығы да есепке қойылған, бірақ ол бөлу үшін емес, білу үшін керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларын жасау керек. Діни білімге сусаған кезде әркімге жүгінбей, мешітке барып имамнан ақыл сұраған абзал, – деп қорытты сөзін Тимур мырза.

Қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай маңызды әңгімесі үшін тұрғындар атынан Т.А.Козыревке алғысын жеткізді.

Жиыннан соң «Денсаулық» колледжінің ұжымымен, студенттерімен кездесіп, дәстүрлі емес діндердің мақсаты мен мүддесі жайлы түсіндірген Тимур Анатольевич Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттегі жұма намазына қатысты.

Кездесу барысында Т.Козыревтің жанында Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы Арнат Сайды болды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.