Зейнетақы жүйесі: бүгін және ертең

Өткен аптаның соңында өңірімізде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов жұмыс сапарымен болып қайтты. Сапар барысында министр аймақ тұрғындарымен кездесіп, бүгінде ел арасында үлкен пікірталас тудырып жатқан зейнетақы жүйесін жетілдіру жайын жан-жақты түсіндіріп, жұртшылықты толғандырған сауалдарға жауап берді.

Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен кездесуге Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Ұлытау ауданының білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласының, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-не қарасты өндіріс орындарының жұмысшылары, кәсіподақтар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Жиынды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Қайрат Айтуғанов ашып, жүргізіп отырды.

Кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов аталмыш жобаның тиімді тұстарын тілге тиек етті.

– Зейнетақы жүйесін жетілдіру жолындағы қадамдардың барлығы да жинақталған қаржының толық сақталуы және тұрақты өсімге қол жеткізу мақсатында жасалып жатыр, – дейді Еңбек министрі. Ұлттық банк және еңбек, қаржы және экономика министрліктерінің мамандарынан құралған ведомствоаралық жұмыс тобы дайындаған заң жобасы жинақтаушы зейнетақы жүйесін бір ретке келтіруге мүмкіндік береді. Әрі бұл саладағы жұмыстардың жариялылығын қамтамасыз етпек. Негізгі мақсат – республика халқының келешекте де жеткілікті дәрежеде зейнетақыға қол жеткізуіне мүмкіндік жасау.

Серік Әбденовтың айтуынша, зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі күллі ғаламдық үрдіске айналып отыр. Тек бұл мәселені қоғам болып бірлесе қолға алғанда ғана жүйелі түрде бір ретке келтіруге болады.

– Осы мақсатта біздің мамандар әрбір өңірді аралап, жүзеге асырылып жатқан жобаның тиімді тұстарын түсіндіріп қайтты. Өйткені, қолданыстағы жобаның тиімсіз тұстарын байқап отырмыз. Үлестің кемуі салдарынан жинақтық зейнетақы жүйесі қарқын алып кете алмай отыр. Оның үстіне еңбек өтілінің мардымсыздығынан жеткілікті дәрежеде зейнетақы жинағына қол жеткізе алмайтын қызметкерлердің де қатары артып келеді. Бұл болашақта зейнетақы төлеу жүйесінің күрт азаюына алып келетін жайт, – деп атап өткен министр бүгінгі таңда мемлекет тарапынан миллиондаған қазақстандықтардың қолжетімді зейнетақы жүйесіне қол жеткізуіне барынша тырысып жатқанын айтты.

Әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін негізге ала отырып жасалған Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі уақыт талабы болып табылады. Бұл мәселе соңғы уақытта қоғамда қызу талқылану үстінде. Пікірталас алаңының негізгі объектісі – еліміздегі әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасын теңестіру және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру мәселесі. Әрине, бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес.

Қазіргі уақытта әлемдік нарықта болып жатқан өзгерістер Қазақстан экономикасына да елеулі әсерін тигізуде. Бүгінде әлемнің бірқатар елдері экономикалық дағдарысты бастан кешіруде. Дағдарысқа байланысты әр ел түрлі шараларды қолға алуда. Сол шараның бірі – зейнетақы жүйесін жетілдіру.

Мамандар зейнетақы жүйесін уақыт талабына сай жаңғыртып отырмаса, болашақта үлкен қиындықтарға әкеліп соғуы мүмкін екенін алға тартуда. Міне, сондықтан да, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Үкімет пен Ұлттық банктің алдына жинақтау зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту міндетін қойды.

Зейнетақы жүйесін қолдау және дамыту Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады.

Қазіргі таңда құрамына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық банк өкілдері кіретін ведомствоаралық топ әйелдер мен ер азаматтардың зейнеткерлік жасын сәйкестендіру мәселесін зерделеп, талқылап, аталған мәселеге қатысты өз шешімдерін Үкіметке ұсынды. Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғырту үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заң жобасын жасап, бұл заң жобасы Парламентке ұсынылды. Парламент мәжілісінің депутаттары осы бағытта заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталмыш заң жобасында бірегей зейнетақы жинақтаушы қорын құруға және зейнетке шығу жасын бір жүйеге келтіруге қатысты бұрынғыдан көп өзгеріс жаңалық бар. Әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту жөнінде шешім қабылданған жағдайда, алдағы 10 жылда демографиялық ахуалдың жақсаруы, өмір сүру деңгейінің артуы, жинақтаушы жүйенің зейнетақылық қамтамасыз етудегі үлесінің көбеюі секілді жайттар ескеріле отырып, бұл өзгеріс кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

Сайып келгенде, зейнетақымен қамсыздандырудың деңгейі мен сапасы – бұл ел халқының экономикалық және әлеуметтік жағдайының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Әр мемлекет өзінде қалыптасқан экономикалық, саяси, моральдық, діни сенімдік және қоғамдық даму ерекшеліктеріне байланысты өз азаматтарын әлеуметтік қорғаудың өзіндік жолдары мен тәсілдерін таңдайды. Мұндай тәсілдер мен әдістер жалпы бір мақсатты көздейді – өз азаматтарын барынша әлеуметтік қорғау мен өмір сүру деңгейінің лайықты болуын қамтамасыз ету.

Осылай деп ой толғаған Еңбек министрі кездесу соңында көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға байыппен жауап берді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.