Еңбек адамын дәріптеген форум

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін көтерудегі маңызды құжатқа айналғандығы белгілі. Осында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Сәтбаев қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі басшылығының қолдауымен қаламызда қарапайым еңбек адамын дәріптеуге бағытталған «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты акция басталған болатын.

Аталмыш акцияның алғашқы іс-шарасы – өткен аптада Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты тақырыпта өткен қалалық форум. Оған Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов, әкім орынбасарлары, «Нұр Отан» ХДП өкілдері, Оңтүстік Жезқазған кенішінің директоры Саят Бакиров, қалалық мәслихаттың депутаттары, Құрметті азаматтар мен кеншілер қауымы қатысты.

Форум отандастарымыздың өмір жолдары арқылы елдің жеткен жетістіктері мен оның азаматтарының табысын дүйім жұртшылыққа паш етуді мақсат етті. Бұл – қазақстандықтардың Отанға деген патриоттық және сүйіспеншілік сезімін ояту, еліміздің алдағы стратегиялық даму жолына ортақ азаматтық топтардың күшімен қолдау көрсету, халықтардың арасында ынтымақтастық, бірлік идеясын бекіту, болашаққа деген сенімді қалыптастыру міндетін де көздеген іс-шара болды.

Тәуелсіздіктің қысқа мерзімі ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көрегендігі мен жасампаз қайраткерлік қызметінің арқасында Қазақстан бұрынғы кеңестік республикалардан экономикалық қуатты, демократиялық дамыған, әлем елдері арасында беделді мемлекеттер қатарына қосылды. Адам таңғаларлық осы жетістіктердің бәрінде де әрбір қазақстандықтың зор еңбегі бар. Осыған байланысты, форум қонақтары егемен еліміздің дамуына лайықты үлес қосып, өздерінің адал еңбегімен үлгі болып жүрген қаламыздың бірқатар азаматтары жайында түсірілген бейнефильмді тамашалады. Ондағы басты кейіпкерлер – Президентіміз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған мемлекеттік бағдарламалар арқасында кәсіпкерлігін ұлғайтқан, қала экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан, «СарыарқаНан» АҚ директоры Жақия Күнеділов, Оңтүстік Жезқазған кенішінің ардагер кеншісі Кенжемұрат Жанғабұлов, өз өмірін ұрпақ тәрбиесі мен білім беру саласына арнаған, Абай атындағы №4 мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Құрманбаева, жұмыс барысында өз басын қауіпке тігіп, баланы өлімнен құтқарып қалған, №44 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Рүстем Тоқантай, мемлекеттік тілді жете меңгеріп қана қоймай, насихаттап жүрген, оқушылар сарайының жас маманы Светлана Гамаюнова және өз елінің патриоты, балалар өнер мектебінің оқушысы Ғалым Қалжан болды.

Осыдан кейін қала басшысы Асқар Ыдырысов сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезектерінде форумның басты кейіпкерлері жиналғандарға еңбектің қоғамымыздағы орны мен рөлі, ел игілігін еселеудегі қол жеткізген табыстары жөнінде айтып берді.

–          Бүгінгі жиынның осы Оңтүстік Жезқазған кенішінде өтуі мені ерекше толғандырып тұр. Мен осы кенішке 24 жасымда келген едім, табан тіреп еңбек еткеніме биыл 37 жыл болады. Еңбек жолымда үлкен жетістіктерге жеттім, участке бригадирлігіне дейін көтерілдім. Жалғыз мен емес, көптеген әріптестерім де екпінді еңбек ету арқылы өздерінің абыройымен қоса кенішіміздің, қаламыздың, еліміздің табысын молайтуға зор үлес қосты. Ата-бабаларымыз аңсап кеткен егемендікті еліміз алғанда біздің қуанышымызда шек болмады. Осы бір шешуші сәтте қазақстандықтар алғашқы ел Президентін сайлап, өз тағдырын, елдің болашағын шешті. Сол бір қиын сәтте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін мойнына алып, халық сенімін ақтады. Сондықтан Елбасымыз бастаған жолда әрі қарай бірігіп жұмыс істеп, қашан да күшімізді елдің дамуына жұмсаймыз, – деді ардагер кенші Кенжемұрат Жанғабұлов.

Қалалық форум барлық қатысушылар орындаған «Атамекен» әнімен аяқталды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.