Сал-серілік дәстүрді жалғастырған Артында өшпейтұғын із қалдырған

Кеңес дәуірі кезіндегі айтулы күндердің бірі болып саналған 22 сәуірде дүниеге келген Шынболат ағамыздың өзі де айтулы, аты өшпес жанға айналды. «Шындық» жырымен шартарапты шарлап, «Қазақтың Шынболаты» атанған ақын, жыршы, термеші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Шынболат Ділдебаевтың туған күні осы уақытқа дейін атаусыз өткен емес.

Кеншілер қаласының 40 жылдығына және ақынның туғанына 76 жыл толуына орай еске алу кешін кең көлемде өткізуді «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, журналист Абдолла Дастанов өзі қолға алған еді.

Ақын атындағы Кеншілер сарайына Шынкеңнің аруағын сыйлап, өнерін бағалап келген үлкен-кіші көп жиналды.

Кештің шымылдығын мәдениет саласының ардагері, танымал әнші, ақынмен өнер жолында қатар жүрген Зоя Иманбаева «Сәтбаев – достықтың қаласы» атты әнімен ашты. Шынболат Ділдебаевтың сөзіне жазылған Жақсыкелді Сейіловтың бұл әнін тұңғыш рет орындаған да осы Зоя Құндаққызы болатын. Бұл ән қазір қаланың гимніне айналып кетті.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Төлеш алғашқы сөз кезегін алып, кештің мақсаты мен маңызы жайлы лебізін білдірді. Сахна төріне шыққан Шынкеңнің бала күннен бергі досы, ҚР еңбек сіңірген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия Асатов, белгілі журналист Аманжол Үсентегі ақын жайлы естеліктерімен бөлісті.

– Шынболаттың ең бірінші оқырманы да, тыңдарманы да мен болдым. Оның есту, есте сақтау қабілеті керемет еді. Менің өмірге, табиғатқа деген сүйіспеншілігімді оятып, шығармашылыққа жетелеген де Шынболат. Бір-бірімізге деген қатынасымызды бір шумақ өлеңмен жеткізіп жүріп мен де ақын болып кеткен едім, – деп тебірене еске алған Яхия Қасымұлы өзінің «Қызғалдақтар» атты өлеңін оқыды.

– Шынболат – ХХ ғасырдың соңындағы нағыз сал-серілік дәстүрді берік ұстанған әрі жалғастырған тұлға. Қайда жүрсе де қасында кілең сайма-сай өнерпаздар, ақын, жазушылар жүруші еді. Өмірді жанындай сүйіп, таңғалып өтті. Сондай азаматтарын еске алып, біздерді сіздермен қауыштырып отырған ұйымдастырушыларға рахмет, – деді ақынның замандасы А.Үсентегі.

Келесі бөлімде ел арасында дәстүрлі әндерді насихаттап жүрген әнші Ғ.Мұханбединнің орындауындағы Шынболаттың жақсы көретін әндерінің бірі – «Ағаш аяқ» пен М.Көшенов орындаған «Ұлытау» әні жұртшылықты бір желпінтіп тастады.

Шынкеңнің соңына ерген шәкірті, өнерін жалғастырушы жырау М.Қожахметов «Қыз Жібек» дастанынан үзінді жырласа, кезінде ақындар айтысында «Тазша бала» атымен танымал болып, өтірік өлеңнің майын тамызған Б.Сүлкеев «Саркөбелек» әнімен көрермендердің көңілін жаулап алды. Одан әрі көрермендер Ш.Ділдебаевтың бастамасымен құрылған «Арман» ансамблінің әншісі болған Ж.Мырзахметованың, Балалар өнер мектебінің «Алақай» бишілер тобының, әншілер Л.Жұманова, Д.Ширекбаева, Қ.Рахымның өнерлерін сүйсіне тыңдады. Ал, ең жас әнші Д.Жапаров Шынболаттың «Шындығын» орындағанда таң қалмаған, риза болмаған жан қалмады.

Осыдан үш жыл бұрын құрылған «Шындық» қоғамдық бірлестігінің алға қойған мақсаттарының бірі – ұлттық өнеріміздің мәртебесін көтеру, жергілікті ақын-жыршы, өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау болатын. Еске алу кешін «Шындық» тобының мүшелері Ө.Сартов, М.Тілеуов, А.Бұқар, Д.Бұланбаев Шынкеңнің рухына арнаған өлеңдерімен жалғастырды.

«Қазақтың Шынболаты – шындықтың шарболаты» атты тақырыппен өткен әдеби-сазды кештен кейінгі ұрпақ ақынның өмірінен мол мағлұмат алып, өнерімен сусындаса, аға ұрпақ өткенді еске алып, жастық шақтарымен қауышып қайтты.

«Қалай ғана өмір сүрдім дей алам, Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда» – деп Шынболат ағаның өзі жырлағандай, артында «Шындық» атты толғауы қалған, ізбасарлары бар Шынкең өмір сүрді, сүре де бермек.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.