Салтанатты түрде шығарып салды

Өткен сенбі күні қаламыздағы №25 мектептің спорт залында бір топ жас жігітті әскер қатарына шығарып салу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Аталмыш іс-шараға қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, қаламыздағы қадірлі ақсақалдырдің бірі Мұзараф Аханов және бір топ ауған соғысының ардагерлері мен жергілікті мекеме, ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге аттанатын жас ұландар сап түзеп тұрғаннан кейін залға Қазақстан Республикасының Көкбайрағы кіргізілді. Оны алып келу құрметіне қаламыздың «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының үздіктері ие болды.

Әдеттегідей Әнұран орындалған соң салтанат ресми түрде ашылды. Алғашқы сөз кезегі қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваға берілді. Ол елін қорғау – ердің ісі екенін айта келе, қала әкімінің ыстық ықыласын жеткізіп, ата-аналарға перзенттерінің аман-сау, абыроймен оралуына тілектестік білдірді.

– Ежелден халқымыз қиын-қыстау заманда отансүйгіштігінің, бірлігінің арқасында елін, жерін қорғауға бір адамдай жұмылған. Соның арқасында небір қанды соғыстарда жеңіске жетті. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ауған жерінде интернационалдық борышын абыроймен өтеп қайтқан жауынгер жерлестеріміздің ерлігі сіздерге үлгі болуы керек. Қымбатты болашақ сарбаздар! Нағыз ер азаматтың Отан алдындағы борышы – елінің, жерінің, халқының тыныштығын қорғау болып табылады. Осынау қасиетті борыштарыңызды орындауда сіздерге батылдық, әділеттілік және төзімділік тілейміз. Сапарларың оң болсын, – деп түйіндеді өз сөзін Марал Сағынайқызы.

Одан кейін сөз алған ардагер ақсақал Мұзараф Аханов жас патриоттардың әскерге аттанғалы тұрғанын көру қариялар үшін үлкен қуаныш екенін тілге тиек етіп, өзінің аталық ақ батасын берді.

– Сендердің арттарыңда Сәтбаевтай дара тұлғаның есімін иеленген туған қалаларың қалды. Сол қаланың атына кір келтірмей, өз борыштарыңды абыроймен өтеп, ортамызға аман-есен оралыңдар, – деген аталық тілегін жеткізді.

Салтанатта сондай-ақ, Сәтбаев қалалық ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі, ауған соғысының ардагері Сайлау Қайранбеков, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Руслан Шакерханов ортаға шығып, болашақ сарбаздарға жауапты міндетте абырой, өмірде сәттілік тіледі.

Салтанатта Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған ұландар атынан сөз алған Серікбай Аманқалдының ата-аналары мен замандастарына жолдаған сәлемі көпшілікке өте ұнады. Ол өз сөзінде қатарластарын артылған міндетті үлкен абыроймен, шыдамдылықпен өтеп қайтуға шақырып, жиналғандардың үмітін ақтауға уәде берді.

Салтанатты жиында әскерге аттанушыларға қалалық әкімдік атынан естелік сыйлықтар тарту етілді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.