Елін қорғау – ерге серт

Биыл елімізде тұңғыш рет Отан қорғаушылар күні мемлекеттік мереке ретінде тойланғалы отыр. Оған негіз жоқ емес. Өйткені, Отан қорғаушылар күні еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. Осынау мерейлі мереке қарсаңында біз кеншілер қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Руслан Шакерхановқа жолығып, әңгімелескен едік.

– 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды.

Аталған жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб — жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.

Еліміздің Қарулы Күштер басшылығы халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. ТМД мемлекеттерімен әріптестікке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер негіз болды. 1993 жылғы маусымда Тәжікстанға оның Ауғанстанмен шекарасын күзетуге көмек көрсету үшін Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Кейін келе бітімгерлік операцияларға қатыстыру үшін Қапшағайда «Қазбат» қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. Бұл бітімгер құралым біздің елдің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы міндеттемелерін орындауға арналды. Батальонның негізгі міндеті – даулы мәселелер мен жанжалды ахуалдарды болдырмауға, шешуге және реттеуге, сондай-ақ жанжалдасушы тараптар көзқарастарын жақындастыруға көмек көрсету мақсатымен бітімгершілік қарекетке қатысу.

«Қазбат» жауынгерлері 2003-2008 жылдарда Ирактағы көпұлтты халықаралық ұжымдық қауіпсіздік күштері құрамында бітімгершілік миссия орындау кезінде жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарды. Біздің әскери қызметшілерге жарылмай қалған оқ-дәрілерді іздестіру мен жою, далалық сумен жабдықтау пункттерін жарақтау, су көздерін тазалау және жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету тапсырылған болатын. Осы уақытта аса қаупті 4 миллион зат жойылды, 7 мыңнан астам Ирак азаматына медициналық көмек көрсетілді.

Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару–жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады.

Өзінің жиырма жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығаюда. Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғас тапқан күні.

Өзінің төл мерекесі – Отан қорғаушылар күнін еліміздің Қарулы Күштері осындай жетістіктермен қарсы алып отыр. Оның үстіне тұңғыш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып өтетін бұл күн ерекше аталып өтілетін болды. Соның айғағы – елімізде бұл күні тұңғыш рет әскери шеру өтетін болды. Ол ел ордасы – Астанада емес, нағыз ер-азаматтар шынығып, әскери жаттығулар жүргізетін үлкен полигонда, Отарда өтпек. Мұның өзі біздің қарулы күштеріміздің қаншалықты шыңдалып, нығайғанын көрсетері анық. Өйткені шеруде жауынгерлер мен әскери техникалар сап түзеп қана өтпей, түрлі әскери жаттығуларды да ел назарына ұсынатын болады.

Міне, осынау мерейлі мерекені кеншілер қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен тұтас ер-азаматтары лайықты атап өтуге күш салуда. Отарда өтетін әскери шерудей болмаса да қаламыздың орталық алаңында Ішкі істер бөлімі мен өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері және қала мектептеріндегі «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубтың жас қырандары шеру өткізуді жоспарлауда. Қазір оған дайындық қызу қарқынмен жүргізілуде. Осы мереке күні өз қызметтерінде үздік шыққан қорғаныс бөлімінің қызметкерлері мен «Жас ұлан» клубының үздіктері де марапатталатын болады. Бір сөзбен айтқанда, Отан қорғаушылардың күні нағыз ер-азаматтардың мерекесі ретінде лайықты аталып өтіледі.

Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.