Тәрбиелік мәні бар кездесу

Жеңістің 68 жылдығы қарсаңында Сәтбаев қаласының индустриалдық колледжінде Ұлы Отан соғысының ардагері Акбар Аманжоловтың колледж студенттерімен кездесуі өтті.

Кездесуді колледждің орыс тілі, әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімі Нәзипа Ахметбекова жүргізіп отырды. Ұлы Отан соғысының тағы бір ардагері, ұлағатты ұстаз болған Әбіләш Махатовтың немересі болып келетін Нәзипа Мәжитқызы соғыс ардагерлеріне деген ыстық лебізін білдіріп, жастарға Акбар аға жайлы қысқаша мағлұмат берді.

Келесі жылы 90 жасқа келетін Акбар ақсақал әлі де болса тың, жиі-жиі жастармен кездесіп, ақыл-кеңесін айтып тұрады. Сол сұрапыл соғыстың алғашқы жылында қан майданда, неміс концлагерлерінде, одан кейін Сібірдің лагерлерінде өткізген азапты жылдары жайлы әңгіме қозғады. Туған еліне 17 жылдан кейін оралған Акбар аға бейбіт өмірде де қиыншылықтарға мойынсұнбай, еліне, халқына адал қызмет етті, өнертапқыштықпен айналысып, өндіріске талай жаңашылдықтар енгізді.

Ардагер ақсақал жастарды ерінбей-жалықпай білім алып, әр салада кәсіби маман иесі болуға шақырды.

Кездесу барысында Акбар ағаға және соғыс ардагерлерінің өмір жолдарына қатысты суреттерден слайд-шоу көрсетілді. Сонымен бірге, студенттер Ұлы Отан соғысына қатысты әдеби кітаптар, суреттер және Акбар Аманжолов жайлы жазылған мақақалар жинағымен танысты.

Кездесу соңында колледж директоры Қанат Жамашұлы Қоңыров соғыс ардагеріне тәрбиелік мәні бар әңгіме айтқаны үшін алғысын білдіріп, Акбар ағаға естелік сыйлық тапсырды.

М.Әбішев.

Комментарии закрыты.