Майдан шебіндегі достар серті

Атам Мәлік Кішібайұлы Жақсылықов 1917 жылы 1 мамырда Қарсақбай совхозының Білеуті ауылында дүниеге келген. 1938 жылы міндетті әскер қатарына шақырылып, Финляндия соғысына қатысқан.

Содан Ұлы Отан соғысы басталысымен Сталинград майданына аттанады. Сөйтіп Сталинград блокадасында болған. Халық аш, жалаңаш, қоршауда қалады. Ішерге тамақ жоқ. Адамдардың жәндіктерге дейін жегенін өз көзімен көрген екен. Сол жерде барлау ротасында жүргенде немістің офицерін ұстауға бұйрық түседі. 4-5 солдаттан құралған топ жаудың шоғырланған жеріне келеді. Офицерді қалай қолға түсірудің амалын іздестіреді. Ашық шабуылға шықса, атыс басталып кетеді. Енді атамызға мынадай ой келеді: Ұзын ағаштан құрық жасап, неміс офицеріне лақтырып, өзіне қарай тартып алады, сөйтіп оны қолға тірідей түсіреді. Осы ерлігі үшін атамызға «Кеңес Одағының батыры» атағы берілуге тиіс еді. Бірақ, ол атақ бірге болған орыс старшинасына беріледі. Бұл да бір солақай саясаттың ықпалы болуы керек.

Сталинград жаудан қорғалып, блокада шешіледі. Келесі кезекте Польша күтіп тұр еді. Поляктармен бірге соғысып жүріп, Борис деген поляк солдатымен дос болыпты. Екеуі бір-біріне аманат етеді. Соғыс бітіп, елге аман-есен оралсақ, семья құрып, ұлдарымыздың атын біріміз – Борис, біріміз – Малик деп қояйық деп келіскен екен. Атам 1944 жылы Польшада басынан жарақат алып елге оралады. Үйленіп, отбасын құрып ұлының атын Борис деп қояды. Келісімен еңбек майданына араласады. Оңтүстік Жезқазған кенішінде еңбек етіп, шахта бастығына дейін көтірілген. Адал еңбегінің арқасында Ленин Орденімен марапатталады. Біздер, ұрпақтары, атамыздың ерлігін әрқашан мақтан тұтамыз!

Сұлтан Борисұлы Жақсылықов.

Комментарии закрыты.