Дуалды білім беру

Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің базасында «Техникалық және кәсіптік білім беруде оқытудың дуалды жүйесін енгізу тәжірибесі» тақырыбында республикалық форум болып өтті.

Форумның мақсаты – еліміздің әр өңіріндегі білім беру мекемелерінің тәжірибесін зерделеу, кәсіптік-техникалық білім беру саласында дуалды оқыту технологиясын енгізудің механизмдерін дамыту болды.

Оның жұмысына Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев, Қазақстан Республикасы білім және ғылыми вице-министрі Саят Шаяхметов қатысты.

Форумға облыстардың, Астана және Алматы қаласы әкімдерінің орынбасарлары, бірқатар салалық министрліктердің вице-министрлері, ұлттық және шетелдік компаниялардың өкілдері, республикамыздың ірі кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің өкілдері шақырылды.

Форум күн тәртібіндегі мәселені талқылау Қарағанды облысы әкімінің баяндамасынан басталды.

Аймақ басшысы заманауи технологияның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналаса алуына кепілдік беретіндігін атап өтті.

– Дегенмен бұл жүйе колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланыспен шектеліп қалмауы керек. Бұл үрдіске негізгі, орта және техникалық кәсіптік оқыту буындарының сабақтастығы арқылы барлық жалпы білім беретін мектептерді кеңінен тарту қажет, – деді Бауыржан Әбдішев.

Осы үлгіні іске асыру барысында оқушылар өзінің алдағы уақыттағы алатын білімін саналы түрде таңдай алады, өзінің жан-жақты білімді тұлға ретінде қалыптастыруға ұмтылған шәкірттер қатары көбейеді. Нәтижесінде аймақ экономикасына еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрлар легі қосылмақ.

Бүгінгі күні осы үлгі Қарағанды қаласының 10 колледжі мен 20 мектебінде апробациядан өткізілуде.

«Дуалды оқыту – кадрлардың бәсекеге қабілеттілігінің кепілі» деп аталды білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовтың баяндамасы.

Форумның өзге де қатысушылары жасаған баяндамаларда дуалды оқыту жүйесін енгізу келешегі, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын бизнесмендерге сенімді басқаруға беру, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік принциптеріне негізделген жаңа оқыту моделін құру, аграрлық секторға маман даярлау және басқа да өзекті мәселелер қамтылды.

Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ мен еліміздің бірқатар техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер арасында дуалды оқыту туралы келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, форум қатысушылары техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің «Дуалды оқыту — әлеуметтік әріптестік нәтижесі» тақырыбындағы көрмесімен, Қарағанды политехникалық колледжінің студенттік конструкторлық бюросы мен ІТ орталығының жобаларымен танысты.

Форум жұмысының қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды.

Интернет материалдарының негізінде дайындалған.

Комментарии закрыты.