Рухани мереке

Өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер ғимаратында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған әдемі ән кеші болды. Қаламызда VІІІ рет өткізіліп отырған «Саған арнаймын, әсем қалам!» атты фестивальдің аясында өткен 60-80 жылдардағы Ретро-әндер орындаушыларының аймақтық байқауына қаламызға белгілі алты және көршілес Жезқазған қаласынан екі өнерпаз қатысты. Дәстүрге айналған ән байқауы қаламызда осымен 6-шы рет өткізіліп отыр. Орындаушылық шеберлігі, сахнада өзін ұстау мәдениеті, киім үлгісінен сарапқа түскен әншілерді қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева төрағалық еткен қазылар алқасы бағалап отырды. Орындалатын әннің байқаудың ережесіне сәйкес болуы басты назарда болды. Әрбір талапкерді таныстыру кезінде ол жайлы экраннан қысқаша бейнесюжет көрсетіліп тұрды. Ән кешін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырып, ақпараттық демеушілікті СТА телеарнасы көрсетті. Күнделікті өмірде тойымыздың сәніне айналған, 60-80 жылдардың өшпес, өлмес әндерін жиналған аз қауым сүйсіне, сағына тыңдап, құлшына қол соғып отырды. Кеш барысында жүргізушілер сұрақ-жауап ойынын өткізіп, көрермендер арасында да жарыс өткізді. Өз деңгейінде өткен рухани мереке мәресіне жетіп, жеңімпаздар тиесілі бағаларын алды. Тыңдаушылардың ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген Сұлтан Байназаров бас жүлдегер атанды. Дина Садырбекова, Жамал Омарова, Жезқазғандық ПеризатНесіпбаева І-ІІ-ІІІ орындарды иеленді. Барлық қатысушылар мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.