Ардақты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Қадірменді жерлестер!

Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 68 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз!

Жеңіс күні – тарих төрінен орын алатын ұлы мереке және әрбір қазақстандық үшін орны ерекше. Бұл – қаһарман аға ұрпақтың сұрапыл соғыс жылдары қанды шайқас даласында және еңбек майданында көрсеткен ерліктеріне тағзым ететін қасиетті күн.

Сіздердің ерліктеріңіз ешқашан өшпейді. Өрлік пен өжеттікке, батылдық пен қайсарлыққа толы өмірлеріңіз Отан алдындағы парызды мүлтіксіз орындау мен адал қызмет етудің айқын үлгісі болып қала береді.

Қымбатты ардагерлер, уақыт озып, көптеген жылдар тарих қойнауына кетіп жатса да, Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің сонау 1945 жылғы Ұлы жеңістеріңіздің арқасында мүмкін болғанын кейінгі ұрпақ жақсы біледі әрі мойындайды. Біздің азаматтық парызымыз – соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің Отан үшін отқа түсіп, елін, жерін сақтап қалған жанкешті ерліктерін өскелең ұрпаққа жеткізу, оларды ұмытпау, құрметтеп қастерлеу. Ата-бабаларымыз қастерлеп бізге жеткізген туған жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, өркениет биігіне өрлеген жаңа Қазақстанның жетістіктерін еселеу – бізге аманат.

 Қымбатты ардагерлер!

 Бүгінгі шуақ шашқан жарқын күніміз, азат та жасампаз бейбіт өміріміз үшін Сіздерге мың алғыс! Ұлы Жеңіс мерекесінде Сіздерге мықты денсаулық, бақыт пен шаттыққа толы ұзақ ғұмыр және ашық аспан тілейміз!

Мереке құтты болсын!

 

Құрметпен, Сәтбаев қаласының әкімі А.А.Ыдырысов.

Қалалық мәслихаттың хатшысы С.С.Имамбай.

Комментарии закрыты.