Мұғалімдердің тамыз мәслихаты

Жетістіктер сараланып, болашақ бағдарланды Жыл сайынғы білім қызметкерлерінің тамыз мәслихаты биыл өзгеше жағдайда өтті. Тамыз кеңесіне қатысушылар алдымен облыс әкімінің орынбасары Р.Н.Әбдікеровтың төрағалық етуімен тікелей эфир арқылы жүргізілген облыстық интернет конференцияға қатысты. Интернет-конференцияда Абай атындағы №4 мектеп-лицей директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Ғ.Хасенова, осы мектептің түлегі, Оңтүстік Жезқазған кенішінің жұмыскері М.Тілеуов сөйлеп, қазіргі білім беру жүйесінің мәселелері жайлы ойларын ортаға салды. Өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылына бағдарлама беретін ғылыми-практикалық мәжілістің жұмысына Сәтбаев қаласының әкімі С.Т.Медебаев, қалалық мәслихаттың тексеріс комиссиямының төрағасы С.С.Имамбай, қала әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева қатысып отырды. Алдымен қалалық білім бөлімінің бастығы Ш.Жанасылова Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты халыққа Жолдауы негізінде дайындалған «Қазіргі білім берудің Сәтбаев қаласындағы проблемалары мен дамуының бағыттары» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы қала мектептері мен балабақшаларындағы оқу, тәрбие жұмыстарына талдау жасап, қол жеткен жетістіктер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. – Ұлт болашағы мұғалімнің қолында. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі тұлға екенін ұмытпағанымыз жөн. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да «Білім беру саласының басты міндеті – 2010 жылғы дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындай отырып, осы саланың сапалы қызметін көрсету аясын кеңейту» – деп үлкен міндеттер жүктеді. Сол міндеттердің биігінен көріну біздің мақсатымыз. Еліміздің алдында дамыған елу елдің қатарына қосылу мақсаты тұр. Оны жүзеге асыратын да болашақ білімді, сауатты жастар. Сондықтан, заман талабына сай тәрбие беру ата-аналарға, қоғамға, оқу орындарына үлкен міндеттер жүктеп, бірлікте жұмыс істеуді қажет етеді. Білім мен тәрбие – егіз. Екеуін ұштастыра жүргізгенде ғана нәтижелі болмақ. Сол себепті де жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің сапалы берілуіне мән бергеніміз жөн. 2009-2010 оқу жылы үлкен ізденісті талап етеді. Өз ой-пікірлеріңізбен сіздер секциялық отырыстарда бөлістіңіздер. Барлық білім мекемелерінде интернеттер, педагогикалық кеңестер өтті. Алдағы оқу жылында сіздер сол келелі міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін. Жаңа оқу жылында қаламыздың барлық білім мекемелерінің ұжымдарына береке-бірлік, ерен еңбек, табыс пен жетістік болуына тілектеспін, – деп қорытындылады сөзін Шынар Қаппасқызы Мәжілісте сондай-ақ, «Алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттың сапалы деңгейінде білім беру қызметіне шығу үшін жағдай жасау» тақырыбына Абай атындағы №4 лицей-мектебі директорының оқу-әдістеме жұмысы жөніндегі орынбасары А.Құрманбаева, «Білім берудегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» тақырыбына С.Сейфуллин атындағы гимназия директорының оқу-әдістеме жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Өтетілеуова, «Проблемы, перспективы формирования здорового образа жизни учащихся» тақырыбына №14 орта мектетің директоры Т.Хмилярчук баяндама жасады. Келесі кезекте сөз алған қала әкімі С.Т.Медебаев тамыз мәслихатына қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен және алдағы Конституция күнімен құттықтады. Салтанат үстінде Советбек Тұрсынұлы бір топ мұғалімдерге ҚР Ғылым және Білім министрлігінің, облыстық білім басқармасының, Сәтбаев қаласы әкімінің Грамоталары мен Алғыс хаттарын тапсырды. Қаланың қоғамдық және саяси өмірінде белсенділік танытқан ұстаздарды «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Ақышбеков грамоталар мен мақтау қағаздармен марапаттады. Марапаттау рәсімінен соң сахна төріне алғаш еңбек жолдарын бастағалы отырған бір топ жас мамандар шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Кешегі түлек, бүгінгі мамандарға ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Ж.Сәрсенбаева шын жүректен шыққан ақ тілегін жеткізіп, қиын да қызық еңбек жолдарына табыс тіледі. Қалалық ғылыми-практикалық тамыз мәслихатының ұсынымдарының жобасы жарияланып, конференция өз жұмысын аяқтады. М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.