Мәдениет саласының үздігі

Жақында өткен қала әкімінің кеңейтілген отырысы жағымды жаңалықтан басталды. Қала басшысы Асқар Ыдырысов Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхана директоры Жаңыл Мизамбаеваның омырауына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты.

Бұл атақты біздің қаладан тұңғыш иеленіп отырған – Жаңыл Шахманқызы. Кітапхана саласында үш мүшел үзбей еңбек етіп келе жатқан білікті маман, тәжірибелі басшыны оқырмандарымызға толығырақ таныстыру мақсатында жолыққан едік.

– Жаңыл Шахманқызы, сізді жоғары марапатыңызбен құттықтаймын. Еңбегіңіздің ақталғанына қуаныштымын. Ал, енді, әңгімені өзіңіздің осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ.

– Біз мектеп бітіретін жылдары Семей облысы, Шұбаркөл ауданының жастары Қазақстанда қой санын пәлен миллионға жеткіземіз деген ұранмен, бүкіл Қазақстанның мектеп бітірушілері жастар бригадасын құруға бел байлаған болатынбыз. Бірақ, ол шаруа түрлі себептермен жүзеге аспай қалды. Содан басқа жоғарғы оқу орнына құжат тапсыруға үлгермей, сол кездегі Никольский қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» бөліміне оқуға түстім.

Кітапханашы мамандығын тез игеріп кеттім десем болады. Алғашқы еңбек жолымды 1976 жылы осындағы Балалар кітапханасында бастадым. Сол кездегі басшыларым Галина Кочнева, Нина Берникованың менің тұлға болып қалыптасуыма көп еңбектері сіңді. 1986 жылдан бастап, сол балалар кітапханасына меңгеруші болып тағайындалдым. 1993 жылы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары қызметіне шақырылдым. Бұл жылдары бірінші басшымыз Темірбаева Ақмарал Халыққызы болды. Ол кездері ұжымда кітапхана ісінің небір майталмандары қызмет істейтін еді. Олар – Бәтима Смағұлқызы, Галина Васильева, Үрлен Қасқырбаева, Роза Сақтағанова, Әтіркүл Смағұлова. Осы апаларымның еңбексүйгіштігін, өз істерін сүйетіндігін, кәсіби шеберліктерін көзі ашық, көкірегі ояу адам үйренбеуі мүмкін емес еді.

Осылай қызметтен қол үзбей жүріп 1979-1984 жылдары арасында Жезқазған қаласындағы педагогикалық институтының филология бөлімін сырттай оқып бітірдім.

– Бүгінде өзіңіз де шәкірт тәрбиелейтін жасқа келіп қалдыңыз. Шәкірттеріңіз жайлы не айтасыз?

– Қаладағы кітапхана ісін көтеруге атсалысып жүрген шәкірттерім деп С.Қарабекова, Г.Мусинова, А.Қойшибаева, Б.Аимбетова, Э.Жанпейсованы айта аламын. Сондай-ақ, әр істі ақылдасып, бірге шешетін әріптестерімді де айтып кеткім келеді. Олар Х.Акмурзаева, М.Серкебаева, З.Арыстанова, О.Владимирова, Б.Абдрахманова, Н.Тиньгаева сияқты өз істерінің нағыз шеберлері.

Осы қызметтің ыстығы мен суығына көне жүріп, аттай 37 жылдың артта қалғанын сезбей де қалыппын. Жасаған қызметімнің жемісі ретінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммедтің 19.03.2013 жылғы №69-шы бұйрығымен «Мәдениет саласының үздігі» атағы берілді.

Әрине, бұл марапатқа жетуім бірлесіп жұмыс істеп жүрген ұжымның еңбегі деп білемін және мені осы жоғары марапатқа лайық деп ұсыныс жасаған Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешке өз атымнан және кітапхана ұжымының атынан алғысымды айтамын.

Кітапханашы – бір қарағанда қарапайым мамандық иесі. Ал, тереңірек үңілсек, рухани дүниесі бай, арқалаған міндеті ауыр мамандар. Себебі олар – ұлттық құндылықтарымызды аялап, сақтап, оқырмандарға ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жеткізуші. Мәдениет ошағының бірі болып саналатын шағын ұжым қоғамдық өмірдің бел ортасында жүріп, кітапхана қорының сақталуына, заман талабына сай өсуіне зор еңбек сіңіріп келеді. Олай болса, бүгінгі Жаңыл Шахманқызының марапаты ұжымның марапаты, қаланың мақтанышы деп білеміз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.