Кенші бақыты

Еңбек ардагері, кенші Арын Жұлдызғалиев Кресто-Запад шахтасына 1954 жылы 18 жасында жұмысқа орналасты. Одан әскери борышын өтегеннен кейін, қайтадан сол жұмыс орнына оралды. Забойда әртүрлі кен мамандығын игеріп, 30 жылдан астам өмірін Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының шахталарында өткізді. 44-ші шахта жабылғаннан кейін, Оңтүстік Жезқазған кенішінің 45-шахтасына ауысып, 1986 жылы 50 жасында құрметті зейнеткерлікке шықты. Комбинат басшылығы А.Жұлдызғалиевтің сіңірген еңбегін бағалап және көп балалы отбасы болғандықтан коттедж тарту етті. Арын аға мен Мағира апа ғұмырларында 10 бала тәрбиелеп өсірді. Сол балалардың төртеуі кенші мамандығын таңдап, корпорацияның тау-кен кәсіпорындарында еңбек етеді. Оған қоса бір немерелері Жезқазған шахтапроходкалау тресінде токарь болып істейді. – Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын, – дейді Арын аға, – өмір бойы жастайымнан таңдаған мамандығыммен айнеалыстым. Осы кен өңірінің өсіп өркендеуіне үлесімді қостым. Жұбайымыз екеуміз 10 бала тәрбиелеп, олардың лайықты азамат болып өсулеріне күшімді салдық. Құдайға шүкір, олар үмітімізді ақтап келеді. Жеткіншек ұрпаққа айтарым: «жұмыста адал болыңдар. Ең бірінші, адамгершілік қасиетті жоғалтпаңдар, үлкенді силап, кішіге үлгі болыңдар», дер едім. – Әріптестерімді алдағы кеншілер мерекесімен құттықтап, қажымас қайрат, зор денсаулық, бірлік пен татулық тілеймін,– дейді қарт кенші Арын Жұлдызғалиев. Мәди Әлжаппаров. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.