Еңбек қауіпсіздігін сақтау – өміріңді сақтау

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұйымының ғимаратында Қарағанды облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің Жезқазған қалалық басқармасының басшысы Сәлімжан Әуезовтың ұйымдастырумен дөңгелек үстел болып өтті. Оған аталмыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыров, осы ұйымның қоғамдық бас еңбек инспекторы Қайрат Алданазаров қатысты.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені Қарағанды облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің Жезқазған қалалық басқармасының бастығы Сәлімжан Әуезов ашып, еңбекті қорғаудың бүгінгі жай-жапсары туралы қысқаша есеп берді.

Бүкіл әлемде кәсіптік аурулар – өндірістік іс-әрекетпен байланысты қайтыс болудың басты себебі. Халықаралық еңбек ұйымының есебі бойынша, жыл сайынғы жұмыс орнындағы 2,34 млн өлім оқиғасының 321 000 ғана жазатайым оқиғаның салдарынан болған. Қалған 2,02 млн өлім оқиғасының (немесе күніне 5500 өлімнің) себебі – әртүрлі кәсіптік аурулар. Бұл көнуге болмайтын лайықты еңбек тапшылығының дәлелі.

Кәсіптік аурулардың алдын алудың жетілмегендігі тек жұмыскерлер мен олардың отбасыларына ғана емес, бүкіл қоғамға өте зиянды әсер етеді. Әңгіме өнімділіктің азаюы мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түсетін салмақтың салдарынан болатын ысыраптың құнында болып тұр. Алдын алу шаралары емдеу немесе оңалтудан анағұрлым тиімдірек, әрі шығыны да азырақ. Барлық елдер кәсіптік аурулардың алдын алу мүмкіндіктерін кеңейтуге нақты қадамдар жасай алады және жасауға тиісті, – деп бастады баяндамасын басқарма бастығы.

Бұдан соң Сәлімжан Таңатарұы аймағымыздағы мекеме, ұжымдар мен кәсіпорындарда еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау шараларының орындалу барысы, осы бағытта тексеру-бақылау жұмыстарының жай-жапсары туралы кеңінен баяндады.

– Қазіргі таңда Елбасы Жолдауындағы және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы басты бағыттардың бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына ерекше көңіл бөлініп, оның орындалуы жөнінде Үкімет тарапынан нақты шаралар жасалуда.

Еңбек қауіпсіздігін қорғау саласында басшылардың, сала мамандарының біліктілігін тексеру, оларды оқыту, арнайы сертификат алу шаралары, оған жұмсалатын қаржы көздері ұжымдық шартпен айқындалып, нақтылы орындалып отыруы тиіс. Бірінші кезекте әр сала бойынша нұсқамалық ержелер жасау, онымен таныстыру мекеменің тікелей басшысының міндеті болып саналады. Адам құқығы, оның қорғалуы жөнінде әрбір мекеме басшысы қатаң тәртіп орнатып, қауіпсіздік шараларының бұзылуына жол бермеуі тиіс.

– Орайы келгенде айта кетейін, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік еңбек инспекторлары 93 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 182 заң бұзушылық анықталды. Оның 77-сі еңбек заңдылықтарын сақтауға, 104-і еңбекті қорғауға, біреуі еңбекпен қамтамасыз етуге қатысты болды.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау сұрақтары мемлекеттік еңбек инспекторларының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, еңбек заңының бұзылуы негізінен әртүрлі деңгейдегі басшылар мен қатардағы қызметкерлердің еңбек заңнамаларын жете білмеуі салдарынан орын алатындықтан, мемлекеттік еңбек инспекторлары жер-жерлерде түсінік жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда, – дейді Сәлімжан Әуезов.

Басқарма бастығының баяндамасынан кейін кәсіподақ төрағасы мен қоғамдық еңбек инспекторы әңгімеге араласты. Алғашқы болып сөз алған «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Сұлтанбек Мырзақоңыров «Қазақмыс» корпорациясында еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбекті қорғау, жұмыскерлерге қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру барысында «Қазақмыс» өндірістегі қауіпсіздікті және Топтың кәсіпорындарында еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті басқару жүйесін жақсартуға бағытталған «Өмір» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір оның екінші кезеңі басталды, – деді кәсіподақ төрағасы.

Сұлтанбек Мырзақоңыровтың айтуынша, қазір аталмыш жобаның екінші кезеңнің барысында салалық қызметкерлер бірінші кезеңнің аясында енгізілген қауіпсіздіктің мінез-құлық аудиттерін өткізу тәжірибесін кемелдендіруді және жұмыс орындарындағы қатерлерді бағалауын жалғастырады. Жоба өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы инновацияларды енгізу жөнінде арнайы құрылған шағын комитеттердің жұмысына қызметкерлердің тікелей қатысуын, сондай-ақ тиімді алдын алу шараларын әзірлеу мақсатымен оқиғаларды тергеу және нәтижелерін талдау машықтарына оқытуды көздеп отыр.

Аталмыш шара аясында жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті жақсарту, жұмыскерлердің қауіпсіздік техникасына деген саналы көзқарасын ынталандырып, қолдау үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Сондай-ақ, компания кәсіпорындарында ЕМЕХ бағдарламалық-талдамалық кешені өнеркәсіптік-тәжірибелік қолданысқа енгізіледі. Ол кәсіби дерттердің және жарақаттардың ахуалын шұғыл түрде бағалауға және алдын алу, түзету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Өндіріске бейімдеп, енгізуге 50 млн теңге жұмсалған бағдарламалық өнім айрықша жеделдігімен әрі мағлұматтардың аса дәлдігімен ерекшеленеді: кәсіби дерттердің және жарақаттардың алдын алумен айналысатын қызметкерлер кәсіпорында орын алған оқиға туралы шұғыл мәліметті 3 минуттың ішінде алады.

– Сайып келгенде компанияның ең құнды ресурсы – адамдар. Ал біздің міндетіміз – олар үшін қолайлы еңбек жағдайын жасау. Бұл ретте қауіпсіздікке ерекше мән беріледі. «Өмiр» жобасы – қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған жобалардың бірі. Мұнымен қатар, компания басшылары жабдықтар мен техниканы модернизациялау және жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып, озық әрі барынша қауіпсіз технологиялар мен өндіріс үрдістерін енгізіп, ішкі стандарттар мен регламенттерді қайта қарап жатыр, – дейді кәсіподақ төрағасы.

Әңгімеге араласқан «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұйымының қоғамдық бас еңбек инспекторы Қайрат Алданазаров еңбек инспекторлары тарапынан атқарылатын жұмыстарды да қысқаша баяндап өтті.

– Биылғы жылы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай өткізілетін шаралар одан да ауқымды болмақ. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кәсіпорындар мен кеніштерде өндірістік сала қызметкерлерімен бір бөлек, қосалқы ұйымдармен бір бөлек семинар-кеңес ұйымдастыру жоспарланып отыр және де өткен жылы жазатайым оқиғалар орын алған ұйым басшылары шақырылып, департаментте үлкен жиын өтпекші.

Дөңгелек үстел басындағы әңгіме еңбек қауіпсіздігі мәселесінің тек қана басшыға, мамандарға ғана емес, әрбір қызметкерге қатысты екенін, әркім өз жұмыс орнында қауіпсіздік ережелерін сақтағанда ғана өндірісте болатын жазатайым оқиғалар санын азайтуға болатынын барлық адамдар түсінсе екен деген ортақ ойға тоқайласты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.