Әскеріміздің айбынын көрсетті

Жетінші мамыр күні «Отар» 40-ыншы әскери базасында Мемлекет басшысы — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жауынгерлік парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің жеті мың сарбазы мен жүздеген техникасы қатысып, өз әлеуеттерін көрсетті. Сонымен қатар, жүзге тарта әскери реактивті ұшақтар мен тік ұшақтар және ондаған тонналық жүкпен қоса, бірнеше рота сарбаздарын да тасымалдай алатын әуе кемелері қатысты.

Атап айтқанда, Су-25, Миг-29, Су-27, Л-39 және өзге де ұшақтар мен Қазақстанда құрастырылған тікұшақтармен қатар, «Жетісу» және «Сұңқар» топтары ұшу мәнерінің жоғарғы шеберлігін паш етті. Әуе Қорғанысы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғанысын көрсету үшін әуедегі нысаналар бойынша С-125 зенитті-ракеталы кешеннен зенитті басқарылатын ракеталар да жұртшылық назарына ұсынылды.

130510_00

Сондай-ақ, ракеталық әскерлер мен артиллерия қарулары таныстырылды. Әскери, азаматтық және қосалқы міндет жүктелген арнайы техникалар, оның ішінде штабтық, жауынгерлік, медициналық, іздестіру-құтқару машиналары, радиожелілік стансалар, қар және батпақ үстімен жүре алатын «Тұлпар» техникасы, «Airbus» С-295 ұшағы, ЕС-145 тікұшақтары, ұшқышсыз ұшу аппараттарының түрлері мен басқа да техникалар таныстырылды.

Онлайын көрсетілім арқылы әскери кемелердің зеңбірегінен оқ жаудырып, кеме сарбаздары мен командирлері тікелей байланысқа шығып, отандастарымызды төл мерекесімен құттықтады.

(Интернет желісі негізінде дайындалған).

Комментарии закрыты.