Оқу жылына дайындады

Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, көпбалалы, мемлекет қарамағындағы балаларға көмек беріп, мектепке дайындауға бағытталған республикалық «Мектепке жол» акциясы қаламызда үлкен қарқынмен өтуде. Тамыз айынан бері көмекке мұқтаж отбасы балаларына барлық мекеме, ұйым ұжымдары қолдан келгенше демеушілік жасауда. Осы уақыттың өзінде талай бүлдіршіндер мен жасөспірімдер қалалық мекеме қызметкерлерінің қамқорлығының арқасында мектепке дайындалып үлгерді. Акция аясында оқушылар мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, сөмкемен, кейбіреулері киім-кешекпен де қамтылды. Республикалық акцияның тағы бір мақсаты балалар үйлерінде тәрбиеленген мектеп бітіруші түлектерге қамқорлық жасау болатын. Бұл міндет те орындалуда. Мектепті тәмамдап жатқан жас түлектердің бірі – «Мерей» балалар үйінің тәрбиленушісі Ксения Ширяева. Ксенияға акция шеңберінде қалалық ішкі істер бөлімі қайырымдылық көмек көрсетіп, жалпы сомасы 30 мың теңгеге жаңа оқу жылына дайындады. Мектепті бітірген жасөспірім №3 кәсіптік лицейге түскен екен. Токарь мамандығын меңгеріп, ел игілігіне жұмыс істемекші. Жаңа оқу жылы қарсаңында ішкі істер қызметкерлері барлық керек-жарағын, киім-кешегін алып бергенге дән риза. – Биыл «Мерей» балалар үйінен «Жалғас» жасөспірімдер үйіне көштім. Алда жаңа оқу жылы, жаңа өмір. Осы жаңа өмір, оқу жылы жақсылықпен басталғанына қуаныштымын. Маған сабаққа керектің бәрі түгел әперілді. Дәптер, қаламсап, оқу құралдары, одан қалды лицейге киетін жаңа киімдер сатыл алынды. Аяқ-киім, спорт костюмі, сабаққа киетін костюм, тіпті сыртқы курткаға, сөмкеге дейін сыйға тартылды, – дейлі Ксения. – Барлық киімді өзім таңдадым. Жасөспірімдер тобының аға инспекторы Гүлнәр Жалмурзинова еріп жүріп қалағанымды, қажет дегенімді алып берді. Ішкі істер бөлімінің барлық қызметкерлеріне қайырымдылықтары үшін ризамын, – деп қосып қояды. Иә, айтса айтқандай, Ксенияның сөмкесі лық толыпты. Бұл мектепке қажетті заттарға толы сөмкені сейсенбі күні Ксенияға қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы С.Жаппаров табыс етті. – Жастар – еліміздің болашағы. Сендердің саналы, абыройлы азамат болып өсулерің біз үшін үлкен мақтаныш. Қазір жаңа белес алдында тұрсың. Мамандық таңдап, сыр-сырына қанығатын шағың. Сол мамандығыңның майталманы бол, оқудың зейнетін көріп, жемісін көр, – деп ақ тілегін білдірді Серікбай Баймендіұлы. Қиын да жауапты қызметте жүріп қарапайым қайырымдылықты ұмытпаған ұжымның игі ісі кімге болса да үлгі болатындай. А.Құлашова.

Комментарии закрыты.