Ғасыр дертімен күрес

«Адам азса, заман тозады», оны жаңғырту да, құрдымға құлдырату да өзімізге байланысты. Арақ ішу, темекі тарту аздай, жастарымыз енді есірткіге бой ұра бастады. Бұның себебі не?

Күні кешеге дейін «нашақор» деген атау қазақ ұғымында болған емес. Маскүнемдік те бізге жат еді. Енді, міне, деректерге жүгінсек, республика бойынша 20 мыңнан астам адам нашақор екені анықталып, тіркеуге алынған.

«Нашақорлыққа жол жоқ! » атты акция шеңберінде 1-3 мамыр аралығында қаламыздағы №16 жалпы білім беретін орта мектептің 7 сыныптар арасында «Нашақорлық – ғасыр дерті» атты тәрбиелік іс-шара өткізілді. Осы шара барысында оқушылар «У мен дерт» деп аталатын көріністі қоя отырып, өз ойларын ортаға салып, берілген жағдаяттарды шешу кезінде бір-бірімен пікір алмасты.

Адамның ақыл-ойын, денсаулығын, қабілетін дамыту мәселелеріне бірнеше күрделі еңбегін арнаған данышпанымыз Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен. Ал, біздің болашағымыз кейінгі жас ұрпақпен байланысты. Ұрпақ тек дені сау ұрпақтармен ғана жалғаспақ. Болашақ ғасыр иегерлерінің дені сау, терең білімді, жат қылықтардан аулақ болуы – біз үшін үлкен бақыт. Жасөспірімдердің санасына қозғау салып, шығармашылық қасиетін дамыту – басты міндетіміз екенін ұмытпайық!

А.Мусаева, №16 мектептің әлеуметтік педагогы.

Комментарии закрыты.