Турнир мәреге жетті

Мамырдың 2-5 аралығында Сәтбаев қалалық «Мәдени сауықтыру спорт орталығы» КМҚК-ның ұйымдастаруымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 68 жылдығына арналған бокстан 1998-99, 2000-2001 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы аймақтық турнир өтті.

Алматы облысы, Қарағанды, Үштөбе, Шахтинск, Балқаш, Отар, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Киевкадан барлығы 200-ге тарта жас боксшылар 17 салмақ дәрежесі бойынша жұдырық түйістірді.

Салауатты өмір салтын насихаттау мен жасөспірімдердің спортқа деген ынтасын көтеруді, спорттың осы түрімен айналысушы жас буынның спорттық шеберлігін шыңдауды мақсат еткен аймақтық жарыста қаламыздағы мәдени сауықтыру спорт орталығының, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттықтырушыларының үмітін ақтады.

Турнирдің жабылу салтанатында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар атынан медаль мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Ойын барысында «Үздік әдіс-тәсілді боксшы», «Жеңіске деген жігерін көрсеткен боксшы» номинациялары бойынша да боксшылар анықталды.

Ұйымдастырушылардан бөлек, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Н.Наурызбаев филиал атынан бірнеше жас боксшыларды арнайы номинациялармен марапаттап, сыйлық тапсырды.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.