Инновация игілігі жандана түседі

Сейсенбі күні қаламыздағы Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде Сәтбаев қаласы әкімшілігі жанындағы Инновация мен жаңа технологиялар бойынша Кеңестің бірінші отырысы болып өтті.

Жиынға аталмыш Кеңестің мүшелері – қала әкімінің орынбасары Александр Ким, ЖезУ-дің ректоры Әбділмәлік Тәкішов және Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы өндіріс орындарының, арнаулы орта білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.

Отырысқа қатысушылар алдымен Жезқазған университетінің кафедраларын аралап, аудиториялар мен зертханаларды көріп, ондағы жаңа, заманауи құрал-жабдықтарды тамашалады.

Бұдан кейін университеттің конференцзалында Кеңес отырысы өз жұмысын бастады. Оны Сәтбаев қаласының әкімі, әкімшілік жанындағы Инновация мен жаңа технологиялар бойынша Кеңестің төрағасы Асқар Ыдырысов ашып, жүргізіп отырды.

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында индустриалдық-инновациялық даму аясындағы жобалардың, соның ішінде ғылым мен білімнің маңызды екендігін атап көрсетті. Ғылыми шаралардың өңіріміздің жан-жақты дамуына, әлеуетімізді нығайтуға септігі мол. Осы мақсатта қаламызда Инновация мен жаңа технологиялар бойынша арнайы Кеңес құрылған еді. Бүгін соның бірінші отырысын өткізіп отырмыз. Жалпы бұл Кеңес аймағымызда ғылыми әдістемелік орталықтарды дамытуға және Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен «ЭКСПО – 2017» көрмесінің алғашқы міндеттемелерін жүзеге асыруға бағытталып отыр. Осы шарадан кейін жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер мен жаңа идеялар үшін жол ашылады деп сенемін, – деді Асқар Абылайұлы.

Отырыста сөз алған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Александр Ким кеншілер қаласында шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан түрлі инновациялық жаңашылдықтарға бастама болатындай жұмыстардың қолға алынып жатқанын, әйтсе де бұл орайда біліктіліктің кемшін түсіп жататынын тілге тиек етті.

– Елбасы өзінің Жолдауларында өмірге енгізуді талап етіп отырған индустриалдық-инновациялық бағдарламалар мен білім беру жүйесін жаңғыртуға байланысты тапсырмаларды айқындап берген болатын. Бүгінде қаламызда осы бағытта нақтылы жұмыстар қолға алынып жатыр деп айтуға болады. Өткен жылы қаламызда инновациялық технологияларды игеру мәселелеріне қатысты көптеген жобалар болды. Олардың бәрі де Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен үндесіп отыр. Бірақ, сол жобаларды әрі қарай дамытуда біліктіліктің төмен болып отырғаны да жасырын емес. Осы мақсатта ғылыми мекемелердің, инженерлік бағыттағы өндіріс орындары мен жекелеген мамандардың көмегі қажет-ақ. Бүгінгі отырыста осы мәселелер жан-жақты талқыланса деген ұсынысым бар, – деді Александр Анатольевич.

Отырыста «Рудсервис К» ЖШС-нің директоры Петр Корник өз ойын ортаға салды.

– Өткен жылы «Евротехсервис К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автокөліктердің сүзгілерін шығара бастағаны мәлім. Бірақ, өндірістегі техникаларда бұл сүзгінің істен шығуы жиі. Ол, әрине, кәсіпорынның сапасыз товар шығарғандығынан емес, жұмыс барысындағы шаң-тозаң, газ бен өзге де қоршаған ортаның әсерінен болып отырған жағдай. Біздің кәсіпорын осы сүзгілерді жуып, шайып, тазалап қайыра іске қосудың жолын тауып отыр. Бірақ, ол автокөлік кәсіпорындарының басшылары тарапынан еш қолдау таппауда. Осы бағытта Жезқазған университетімен бірлесіп жұмыс істесек деген ойымыз бар. Біздің бұдан басқа да төрт жобамыз бар. Оның бәріның өңіріміздегі өндірісті жандандыруға тигізер пайдасы зор. Кеңес осы жобаларды да одан әрі дамытуға ықпал етсе. Ал, біз өз тарапымыздан қанаттас жатқан қос қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында техникалық салада оқып жатқан студенттерді өз кәсіпорнымызда өндірістік тәжірибеден өткізуге жәрдемдесер едік. Сондай-ақ, ЖезУ-мен іскерлік байланыс жасап, өзіміздегі зертханада тәжірибе жасауға студенттерді шақырамыз, – дейді кәсіпорын директоры.

Дәл осындай ұсыныспен сөз алған «Евротехсервис К» ЖШС-нің директоры Эдуард Вагнер де өңірімізде инновациялық жаңа технологияларды дамытуға негізделген жобаларды жүзеге асыруға кәсіпорынның әлеуеті жететіндігін атап көрсетті.

– Бізде мүмкіндік бар, базамыз заманауи құралдармен жабдықталған. Бірақ, білікті инженер-механиктер тапшы. Сондықтан біз Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы техникалық оқуларды бітірген жастар мен осы салада оқып жатқан студенттерді өндірістік тәжірибеден өтуге шақырамыз. Осы орайда ЖезУ-мен біздің де іскерлік байланыс жасауға ынтамыз зор, – деді Эдуард Гельмутович.

Аймағымыздағы отандық кәсіпорындардың мұндай іскерлік байланыс орнату бағытындағы ұсыныстарын Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетінің ректоры Әбділмәлік Тәкішов те ыстық ықыласпен қабыл алды.

– Әлгінде өздеріңіз көрген зертханалардағы құрал-жабдықтарды біз миллиондаған қаржы жұмсап сатып алған едік. Егер сіздер осындай ұсыныспен ертерек шыққандарыңызда біз бұл қаржыны басқа мұқтаждықтарымызға жұмсаған болар ма едік. Ештен кеш жақсы деген ғой. Біз бұған да қуаныштымыз. Сіздермен осылай бірлесе жұмыс істесек қанаттас жатқан қос қаланың жастары да өзіміздің оқу орындарымызда оқып, өз аймағымызда жұмыс істеуге қалар еді. Бұл енді сөз жүзінде ғана қалмай, оны іске асыруға ниетті болайық, – деп түйіндеді өз сөзін ректор.

Кеңес отырысын қорытындылаған Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов та аталмыш кеңестің негізгі мақсатының өзі инновация мен жаңа технологияларды дамыту арқылы халықтың әлеуетін көтеріп, елді жұмыспен қамту және Елбасының Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру екенін айта келіп, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Кеңестің бірінші отырысы осындай үлкен бастамаларға негіз болды. Ал, оның қаншалықты жүзеге асырыларын уақыт көрсете жатар.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.