Жеңіс мерекесіне арналды

Өткен жұмада №16 мектепте 0 «А» мектепалды даярлау сыныбында «Ерлік елдің қорғаны» атты тәрбие сағаты өтті. Сынып жетекшісі Зәуре Барақбаеваның ұйымдастыруымен өткізілген сабаққа Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен бүлдіршіндердің ата-аналары қатысты.

Іс-шараның мақсаты еліміздің тарихымен таныстыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және оқушыларды мәнерлеп оқуға, тіл мәдениетін сақтауға баулу болды. Сынып жетекшісі қонақтар мен оқушыларға 1941-1945 жылдары өткен сұрапыл соғыс жайында, оған қатысқан отандастарымыздың тағдыры, сонымен қатар, ерлікпен қаза тапқан батырлар туралы мәліметтер берді. Мектепалды даярлау сыныбының оқушылары Жұлдыз Рахым мен Мөлдір Анарбаева «Отаным», «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыптарындағы патриоттық өлеңдер орындады.

Ұлы Жеңістің 68 жылдығына арналған тәрбие сағаты бүлдіршіндердің орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.