Әке жолын абыроймен жалғастырған

Анненск кенішінің бұрғылаушысы, бүгінде топ жарған бұрғылаушылар бригадасына басшылық жасайтын Абдолла Қабыловты білмейтін кенші жоқ болар. Кезінде кен өндірісінде есімі дүрілдеп тұрған Табысовтан тәжірибе алған Абдолла Жеңісұлының өзі де майталман маманға айналып, атағы көпке тарады. … Үйдің тұңғышы Абдолла кішкентайынан өзінің ағалық орнын жете түсініп, інілеріне үлгі болуға тырысты. Әкесі де тұңғышым, кенжелерге көз қырын салатын ағасы ғой деп өзіне жақын тартатын. Жанынан бір елі қалдырмай, нағыз ер жігіт қылып тәрбиелегісі келді. Өсе келе ақылшысы ретінде кеңесіп, серігіне айналдырды. Әкесінің мейіріміне, өзіне деген сеніміне сол кездің өзінде Абдолланың бала көңілі марқайып, кәдімгідей арқаланып қалатын. Әкесіне өте жақын болып өскенсін әр сөзін жерге тастамай, үмітін ақтауға тырысты. Әкесі Жеңіс ол кезде №42 шахтада жұмыскер болып еңбек етті. Ұлдарына адал еңбекпен табылған нанның берекелі болатынын ұғындырып, нағыз ерлер ауыр жұмыстан қашпайды, азаматқа тән жігер, күш-қуат таныта білуі керек дегенді көп қайталайтын. Кеніште тер төгіп, еңбекке адалдықтың үлгісі болған әке аманатын Абдолла мықтап түйсігіне түйіп алды. Әке сенімінен шығуды өзінің борышы деп түсінді. Мектепті тәмамдап, әскери парызын өтеп келген соң қайда барамын, еңбек жолымды кім болып бастаймын деген сауалмын бас қатырмады. Себебі, тек ерік-жігері мықты, қайраты мол жігіттердің ғана қолынан келетін кенші мамандығын өзіне лайық деп шешті. Және әскерге бармай тұрып-ақ әке жолын жалғастыруды әлдеқашан ұйғарған болатын. Кеншілікті таңдаған жігерлі жігітті №57 кеніште жатсынбады. Алдымен бұрғылаушының көмекшісі ретінде қабылады. Бірден тәлімгерін де бекітіп, жас маман ретінде ашылуға мүмкіндік жасады. – Сол кезде Табысовтың бригадасының атағы жер жаратын. Бүкіл кен өндірісінің жұмыскерлері білетін. Кеніш басшылығы жастарға үлгі ретінде айтып жүретін. Мен сол еңбек ерінің бригадасына түстім. Ол кісі өзі де ақылын айтып, жұмысқа үйретіп отыратын. Кейін Қасымбек Атабаевты тәлімгер ретінде бекітті. Қасымбек аға да бұрғылау ісінің шебері, еңбек озаты болатын. Барлық шеберлігін үйретіп-ақ жүрді. Мамандықтың қыр-сырына қанығу үшін өзінен қалдырмай, бүкіл білгенін көкейіме тоқытты, – дейді Абдолла Жеңісұлы. Көп ұзамай сол еңбек ардагерлерінің сенімі де, еңбегі де ақталды. Зерек шәкірт ай санап шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтыра түсті. Арнайы білімі болмаса да өзінің ізденісінің нәтижесінде мықты мамандармен иық тірестіретін дәрежеге жетті. Жұмыста тыңғылықты, еңбектен аянбайтын Абдолланы кейін шәкірттіктен бұрғылаушыға өткізді. Сол күннен бері Абдолла Қабылов он жеті жыл үзбей кеніш астын бұрғылап, кеншілердің жұмысын жеңілдетіп жүрді. Ал соңғы бір жарым жылда кезіндегі тәлімгерлерінің ізін басып бригадирлікке тағайындалды. Қазіргі күні Қабыловтың қол астында отыз жігіт еңбек етуде. Абдолладай еңбек озаты жетекшілік жасайтын бригада кеніштің алдыңғы қатарлы бригадалары санатында. Ұжым мақтанышы. – Бригадада отыз жігіттің басы қосылған. Әрқайсысы өз ісінің білгір мамандары, шеберліктерімен кімге болса да үлгі болатын азаматтар. Бригаданың абыройын асырып, мерейін тасытатын да солар. Ұжымда бір-біріне қамқорлық, жанашырлық берік орнаған. Жемісті еңбегіміздің сыры осында, – дейді Абдолла Қабылов. Көш басынан табылатын Қабыловтың бригадасы қашан да жоспар орындап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп тұрады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Абдолла кезінде әкесіндей болған тәлімгерлерінің жарқын дәстүрлерін лайықты жалғастырып жүр. Бригадада әркім өз жұмысын жетік біліп, абыроймен орындайды. Білікті бригадир ұжымдағыларды бірін бірі қолдауға баулыған, шағын ұжымда өзара ынтымақ пен сыйластық сақталған. Бұл бірлікті нығайтуда Абдоллаға еңбек ардагері Юрий Зубков, Қайрат Абдыхамитов сынды білікті мамандар көмектеседі. Жас буынға келсек, Сабыржан Әбілда, Аят Молдағалиев, Александр Чернышов бригаданың жақсылығын асырып жүр екен. «Еңбек деген бақыт бар, ерінбеген жететін» деген нақыл Абдоллаға түгелдей қатысты. Бригадир Қабылов бақытын адал еңбектеп тапты, өз ісінің білгірі атанып, абыройға бөленді. Еселі еңбегін жоғары бағалаған корпорация басшылығы 2003 жылы Абдолла Жеңісұлын ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» белгісімен марапаттады. Жақсы жұмыс көрсеткіштері, жоспарды орындауда бригаданы ұйымдастыра білетін шеберлігі де ескерусіз қалмай, 2002 жылы темір тұлпар сыйлап, мерейін үстем етті. Енді, міне, кәсіби мерекесі Кенші күні қарсаңында «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің әкімшілігі, кеніш басшылығы Абдолла Қабыловты ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» белгісіне ұсынып отыр. Ал, жалпы «Жезқазғантүстімет» ӨБ бойынша мыңдаған адамның ішінен бұл атаққа екі адам ғана ұсынылғанын ескерсек, бұл – бригадир Қабыловқа деген шексіз сенім, еңбегіне берілген өте жоғары баға. Бірақ Абдолла Жеңісұлы мұндай мақтау-марапаттауға ұмтылмайды, тек өз жұмысын адал орындауға, бригаданы биік белестерге шығаруға тырысады. Еңбекте озат, жас мамандарға үлгі Абдолла Қабылов отбасында да сыйлы. Жанашыр әке, жақсы жар. Жұбайы Дүйсенкүл екеуі үш бала тәрбиелеп, оларды адал да еңбекқор болуға үйретуде. – Өзімді бақыттымын деп санаймын. Еңбегім жанып, еленіп жатыр. Отбасым, Аллаға шүкір аман, балаларым үмітімді ақтауда. Мұндай бақытқа дүниеде ештеңе жетпейді, – дейді күлімсіреп бригадир Қабылов. Айнұр Құлашова.

Комментарии закрыты.