Еңбегіне қарай құрмет пен даңқ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне еңбекке, адал кәсіби табысқа, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын жобалар жасауды тапсырды.

Елбасының осы басым бағыттарын жүзеге асыру мақсатында Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ұжымы ауқымды шаралар өткізуде.

Соның бірі – еліне еңбегі сіңген азаматтарды құрметке бөлеген «Еліне елеулі азаматтар» атты жобасы. Жуырда мұражайдың көрме залында осы жобаның екінші кезеңі өткізілді.

– Жобаның бұл жолғы кейіпкерлері – мемлекеттік қызметте, қәсіподақ қызметінде, білім беру мен заң қорғау салаларында, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген азаматтар.

Көрмені ұйымдастыру барысында мұражай қызметкерлері кейіпкерлерді анықтап, олар жайлы мейлінше мол ақпарат жинады. Арнайы стенд ұйымдастырып, оған кейіпкерлердің суреттері, мақтау қағаздары, түрлі құжаттар сияқты құнды жәдігерлер топтастырылды. Сол арқылы біз көрмені тамашалаушыларға кейіпкерлеріміз жайлы мол мағлұматтар беріп отырмыз, – дейді мұражай қызметкері Шолпан Төлегенова.

Сәуір айының соңында тұсауы кесілген аталмыш жобаның екінші бөліміне Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданынан жеті адам шақырылған екен. Жиналған жұртшылық осы жеті азаматпен етене танысып, олардың елге сіңірген еңбектеріне тәнті болды. Бұл жобаға кеншілер қаласынан да бір азамат қатысты. Ол – жауынгер-интернационалист, Сәтбаев қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, подполковник, КСРО Ішкі істер министрлігінің «Милиция үздігі», Б. Момышұлының 100 жылдығына орай «Отан қорғаушыға» төсбелгілерінің иегері, Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Сайлау Қайранбеков.

Сайлау Оразбайұлы 1962 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Қашқын-Теңіз станциясында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Жезқазған облысына келіп, облыстық ішкі істер бөліміне автослесарь болып жұмысқа орналасады. 1980 жылы Никольский қалалық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылады. Қапшағай қаласындағы жаңадан құрылған №177-ші арнайы мұсылмандар батальонының құрамында дайындықтан өткен ол сержант шенін алып Ауғанстанның Маймене, Файзабад, Мазари-Шариф провинцияларында түрлі жорықтарға қатысты. Сайлау Қайранбеков аты аңызға айналған, батырлық пен ерліктің сан үлгісін көрсеткен, ауғандар «қара майор» атап кеткен жерлесіміз Борис Керімбаевтың «мұсылмандар батальонында» қызмет ете жүріп ерліктерімен көзге түсті.

1982 жылы әскер қатарынан оралған Сайлау еңбек жолын Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінде жалғастырды. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі инспектор, қылмыстық істер бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 6-бөлім қызметкері, Жезқазған аймағы бойынша бас тергеу комитетінің аса маңызды істер жөніндегі шұғыл іздестіру тобының аға уәкілі, Қарағанды облысы бойынша бас тергеу комитетінің ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлім бастығының орынбасары, Қарағанды ІІД аса маңызды істер жөніндегі шұғыл іздестіру тобының өкілі қызметтерін атқара жүріп қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және күресу істерінде адал қызмет атқарды.

Сайлау Қайранбеков 2000 жылы зейнет демалысына шықты. Бірақ, еңбектен қол үзген жоқ. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты жанар-жағар май материалдары басқармасының бастығы, Шығыс Қазақстан облысының Усть-Таловка поселкесіндегі мысты-химиялық комбинатында материалдық-техникалық жабдықтау басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Бүгінде Сайлау Оразбайұлы Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Сәтбаев қаласында адвокаттық тәжірибесімен айналысып, тұтынушылар құқықтарын қорғап, білікті заң көмегін көрсетуде. Өз ісінің білгір маманы ретінде бірнеше рет Қазақстан адвокаттар одағының мақтау қағаздарымен марапатталған.

Мұражайдың көрме залында өткен осы іс-шараға Жезқазған қаласының жұртшылығы мекеме, ұжым және аймақтық БАҚ өкілдері, жобаға қатысушы кейіпкердің отбасы мүшелері мен әріптестері қатысты. Жобаның ашылу салтанатында жұртшылық назарына кейіпкер жайлы бейнесюжеттер мен слайд-шоулар көрсетіліп, еліне елеулі азаматты әріптестері мен ізбасарлары құттықтады.

Жиын соңында жобаның авторы, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының директоры Зинаида Чумакова кейіпкерге бүгінгі жобаның толық электрондық нұсқасы мен кітапшалар, буклеттер және ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.